Malim.kz
Қоғам

«Заң мен тәртіп»: Астанада тұрғындарға теріс әдеттерден бас тарту ұсынылды

Айбын Атабай
Астана әкімдігі

Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Тәуелділікті спортқа айырбаста» атты әлеуметтік акция ұйымдастырылды. Іс-шара Триатлон паркінде және Есіл өзенінің жағалауында өтті. Оған танымал спортшылар, аудан әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау және прокуратура органдарының қызметкерлері, сондай-ақ қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу, зиянды әдеттердің алдын алу және жастарды спортпен тұрақты түрде айналысуға ынталандыру.

«Біз тұрғындармен, әсіресе жастармен кездесіп, ашық пікір алмасамыз. Олардың арасында түрлі зиянды әдеттерге тәуелді азаматтар да кездеседі. Сондықтан бұл акция арқылы адамдарды зиянды тәуелділіктерден бас тартып, спортты өмір салты ретінде таңдауға үндейміз. Өйткені спорт – денсаулықтың негізі, жарқын әрі табысты болашақтың кепілі. Спортпен шұғылданған адам тек физикалық тұрғыдан шынығып қоймай, ерік-жігерін нығайтып, мінезін қалыптастырады және жаңа орта табады. Зиянды әдеттерден бас тартуға ниет білдірген қатысушыларға бокс қолғаптары, спорттық сөмкелер, гимнастикалық тіректер мен йога төсеніштері сияқты спорттық құралдар сыйға беріледі», – деді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Гимнастикадан спорт түрлері федерациясының вице-президенті Ербол Жантықов.

Алматы ауданы әкімі аппаратының Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбын Айдынұлының сөзінше, мұндай профилактикалық акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

«Бұл іс-шараларды «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ай сайын ұйымдастырамыз. Оған полиция және прокуратура қызметкерлерімен қатар қоғамға танымал тұлғалар да қатысады. Сонымен бірге бүгінгі акция барысында тұрғындарға судағы қауіпсіздік қағидалары жазылған ақпараттық жадынамалар таратылды», – деді Айбын Айдынұлы.

Айта кетейік, елордада есірткі қылмысының алдын алу және оған қарсы күрес бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары