Атырау облысында бір отбасының аяусыз өлтірілуіне қатысты сотта жаңа айғақтар айтылды. Куәгер WhatsApp-тағы хаттар арқылы берілген нұсқау бойынша мал бағуға көмектескенін және жануарларды сатып алушыларға көрсетіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеп.
Атырауда әйелінің төрт туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр.
4 маусымда сотта негізгі куәгерлердің бірі шопан Дархан Бақытов жауап берді. Процесс барысында жарияланған материалдарға сәйкес, куәгермен хат алмасқанда өзін "Наурыз Мұқанғалиев" (қаза тапқан отбасы мүшелерінің бірі - еск.) деп таныстырған айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев ештеңеден күдіктенбеген жұмысшыны пайдаланып, марқұмдардың малын сатуды ұйымдастырған.
Қаза тапқан отбасының туыстары оларды Ташкентте емделіп жатыр деп сеніп жүргенде, малдары біртіндеп жаңа иелеріне сатыла берген.
Куәгер Дархан Бақытов 2024 жылдың күзінде WhatsApp арқылы қосымша жұмыс істеу туралы ұсыныс алғанын айтты. Ол кезде Наурыз Мұқанғалиев (оны өлтірді деп Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталуда - еск.) Бақытовқа күнделікті ақы төлеп, қой мен сиыр бағуды ұсынған.
Бір қарағанда күмәнді ештеңе байқалмаған. Алайда кейінірек шопанға жұмыс ақысы сол кезде қаза тапқан отағасы Мақсот Қарабалиннің банк картасынан аударылғаны белгілі болды.
Куәгердің айтуынша, хат алмасу кезінде Наурыз Мұқанғалиев үй иелерінің жоқтығын бүкіл отбасы шұғыл түрде Ташкентке емделуге кетті деп түсіндірген. Ол кезде куәгер Наурыз Мұқанғалиевтің атынан мүлдем басқа адам жазып отырғанын білмеген.
"Малды жайылымнан айдап келгенімде, Наурыз маған картама ақша аударды. Бірақ аударым Мақсот Қарабалиннің картасынан түсті. Наурыздың өзі маған кейін WhatsApp-та “Қазір қолымда қолма-қол ақша жоқ, Мақсот әр бас үшін бөлек төлесін”, деп жазды", - деді куәгер Дархан Бақытов.
Еске сала кетейік, бұған дейін сотта айыпталушы Сәрсемәлиев қаза тапқан Наурыз Мұқанғалиевтің ұялы телефонын пайдаланып, оның атынан хат жазып отырғаны айтылған болатын.
"Наурыз маған бүкіл отбасы Ташкентке емделуге кеткенін жазды. Мен бұған аса мән бермедім - емделуге кетсе кеткен шығар, бұл қалыпты жағдай ғой деп ойладым. Ал ақшаның Мақсоттың картасынан түсуін Наурыз “Бұл оның ақшасы, ол оны жұмсауға құқылы”, деп түсіндірді", - деді куәгер сотта.
Сотта Сәрсемәлиев хат алмасу арқылы марқұмдардың малын сатуды қалай үйлестіргені де айтылды.
"Қаңтардың ортасында Наурыз маған тағы да WhatsApp арқылы жазды. Емделуге шұғыл ақша керек екенін айтып, не істеу керегін сұрады. Мен өзім оған “Ақша өте қажет болса, малды сат”, деп жауап бердім. Ол “Жақсы, мен саған сатып алушыларды жіберемін, сен тек малды көрсетсең болды”, деп келісті", - деді куәгер сотта.
Сонымен қатар куәгер болып жатқан жағдайға алғаш рет күмән келтірген сәті туралы айтып берді.
"Қораға қаза тапқан отағасы Мақсот Қарабалиннің туысы Бауыржан келгенде бәрі ашылды. Ол малдың әкетіліп жатқанын көріп “Сен неге біреудің малын сатып жатырсың?” деп сұрады. Мен таңғалып “Маған Наурыздың өзі жазып жатыр ғой! Бұл әкесінің ақшасы, сат деп жатыр”, деп жауап бердім", - деді куәгер сотта.
Куәгердің жауаптарынан барлық нұсқау тек WhatsApp арқылы мәтіндік хабарлама түрінде келгені белгілі болды. Шопан шаруа қожалығы иелері туысының тапсырмасын орындап жатырмын деп сеніп, бұйрықтарды орындаған.
Оның айтуынша, сатып алушылар қораға келіп, малды қарап, алып кетіп отырған. Бақытовтың өзі елден тыс жерде жүрген және емделуге ақша қажет болып отырған отбасына көмектесіп жатырмын деп ойлаған. Ташкенттегі емделу туралы аңыздың артында үлкен қасірет жатқаны тек біраз уақыттан кейін белгілі болды.
Бұған дейін WhatsApp-тағы нұсқауларды орындап, сатып алушыларға малды көрсетіп жүрген куәгер Дархан Бақытов мал иелерінің көптен бері байланысқа шықпағанын және жағдайдың өзіне айтылғаннан мүлдем басқаша болуы мүмкін екенін алғаш рет білді.
Сот талқылауы жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиев төрт адамды - бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, ағасы мен қарындасын өлтірді деп айыпталып отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстар 2025 жылы ұзаққа созылған отбасылық жанжал негізінде жасалған. Іс материалдарында көрсетілгендей, ол қаза тапқандардың мәйіттерін жалдамалы үйдің ауласына және қаза тапқан ерлі-зайыпты тұрған үйдің қорасына жерлеп, жасыруға тырысқан.
28 мамырда Атырауда бұл іс бойынша басты сот талқылауы басталды. Сотта прокурорлар кісі өлтіру жағдайлары мен мәйіттерді және айғақтарды жасыру әрекеттерін қоса алғанда, оқиғаның егжей-тегжейін жариялап жатыр.