Malim.kz
Қоғам

Жаңа мемлекеттік награда: Тоқаев маңызды мәлімдеме жасады

Мадияр Қапанбек
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстанда жаңа мемлекеттік марапат – Қожа Ахмет Ясауи ордені енгізілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Президенттің айтуынша, жақын уақытта аталған орденді мемлекеттік наградалар қатарына енгізу туралы арнайы жарлыққа қол қойылады.

"Жақын арада Қожа Ахмет Ясауи орденін мемлекеттік наградалар тізіміне енгізу туралы жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат отандық және шетелдік танымал ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табысталатын болады. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуы тиіс деп есептеймін", – деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев Қожа Ахмет Ясауиді ең алдымен қазақ халқының ұлы тұлғасы ретінде таныту қажеттігін айтты. Оның мұрасын әлемге кеңінен насихаттау, әсіресе ірі мемлекеттерде таныстыру маңызды екенін жеткізді.

"Біз оның мұрасын әлемнің барлық түкпірінде, әсіресе ірі мемлекеттерде кеңінен насихаттауымыз керек. Ең алдымен өз азаматтарымызды оның шығармашылығымен таныстыру маңызды. Сондай-ақ осы тарихи тұлғаға арналған сапалы кітаптар мен фильмдер түсіріп, барлық өңірде Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқулар ұйымдастыру қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары