Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алды. Arman-PV баспасында жаңа басылымдар сұрыпталып, қораптарға салынып, еліміздің барлық өңіріне кезең-кезеңімен жөнелтіліп жатыр.
Қазір қоймадағы жұмыс күн сайын үздіксіз жүріп жатыр. Дайын оқулықтар бағыттар бойынша бөлініп, тасымалдауға әзірленуде. Негізгі міндет- кітаптарды жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектептерге жеткізу. Қыркүйекте оқушылар жаңа басылымдармен білім ала бастайды.
Биыл 3-сыныпқа арналған жаңа оқу-әдістемелік кешендер әзірленді. Қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін «Қазақ тілі», «Математика», «Дүниетану» оқулықтары дайындалды. Оқыту қазақ тілінде емес мектептер үшін «Қазақ тілі», «Математика» және «Познание мира» басылымдары әзірленді.
Жаңа оқулықтардың мазмұнын әзірлеуде Мемлекет басшысы ұсынған ұлттық және азаматтық құндылықтарға басымдық берілді. Оқу материалдарына адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік, заң мен тәртіпке құрмет, тарихи-мәдени мұраға ұқыпты көзқарас секілді ұстанымдар енгізілген. Бұл құндылықтар оқушыға күнделікті өмірге жақын тапсырмалар мен мысалдар арқылы ұсынылады.
Жаңа оқу-әдістемелік кешендер белгіленген талаптарға сәйкес мемлекеттік сараптамадан өтті. Мазмұнда қазіргі білім беру талаптары, оқушының жас ерекшелігі және білімді тәжірибеде қолдану дағдылары ескерілген. Тапсырмалар баланың сұрақ қоюына, салыстыруына, дәлелдеуіне және өз ойын еркін жеткізуіне бағытталған. Оқу-әдістемелік кешендер Ekitap.kz цифрлық платформасымен сабақтастырылған.
Биылғы басылымдардың арасында 3-сыныпқа арналған «Математика» SMART оқулығы бар. Бұл Қазақстанда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы әзірленген алғашқы мектеп оқулығы. ЖИ үлкен көлемдегі материалды талдауға, тапсырма нұсқаларын әзірлеуге және олардың күрделілік деңгейін салыстыруға қолданылды. Ұсынылған мазмұн кәсіби сараптау мен редакциялық сүзгіден өткізілді.
Оқулықты дайындау бірнеше кезеңнен тұратын үлкен үдерісті қамтиды. Авторлар мен ғалымдардан бастап педагогтер, әдіскерлер, редакторлар, дизайнерлер, өндіріс және логистика мамандарына дейін әр кезеңге жауап береді. Қазір осы жұмыстың шешуші кезеңі жүріп жатыр: дайын кітаптарды еліміздің мектептеріне уақытында жеткізу.
Бүгін баспа қоймасынан өңірлерге жол тартқан оқулықтар санаулы күннен кейін мектеп кітапханаларына жетеді.