Астана қалалық сотында Жанәбіловтар блогерлеріне қатысты іс бойынша судья процестің дүйсенбіге қалдырылатынын мәлімдеді. Бұл туралы прокурор өтініш білдірген, деп хабарлайды Malim.kz.
Процессуалдық келісімді талқылауға шамамен екі сағат уақыт жұмсалғаннан кейін, бүгін блогер Эльмира Төлегенова өтініш білдірген соң, прокурорға қосымша уақыт қажет екені айтылды.
«Процессуалдық келісім жасалуына байланысты оның шарттарын талқылау үшін бізге қосымша уақыт қажет. Осыған байланысты процесті кейінге қалдыруды сұраймын», – деді прокурор.
Ол адвокатпен бірге сот отырысын дүйсенбіге ауыстыруды өтінді. Судья отырыстың 27 сәуір күні сағат 15:00-де жалғасатынын шешті.
Еске салайық, бүгін Эльмира Төлегенова соңғы сөзінде процессуалдық келісім жасасуға ниетті екенін айтқан еді.
«Біз барлық жауапкершілікті мойындаймыз, өзіміз үшін үлкен қорытынды жасадық. Бұл біз үшін өмірлік сабақ болды. Біз заң бұзғанымызға шын жүректен өкініш білдіреміз. Құрметті сот, бізге түсіністікпен қарап, мені және жұбайымды бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраймын. Сондай-ақ, сотқа өтініш білдіре отырып, процессуалдық келісім жасасу туралы арызымды қарастыруыңызды сұраймын. Барлық шарттар мен салдарлар бізге түсіндірілді», - деді Эльмира Төлегенова.