Malim.kz
Қоғам

Жанабыловтар ісі: прокурор блогерлерге жаза сұрады

Арман Қайыпхан
Ашық дереккөзден

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова қатысты сот отырыстары жалғасып жатыр. Сотта прокурор оларға жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.

Прокурордың айтуынша, ерлі-зайыпты Жанабыловтар ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша айыпталып отыр. Аа айыптаушының пікірінше, бұл іс прецедентке айналуы тиіс.

«Бұл – жай ғана қылмыстық іс емес. Біздің жағдайда әлеуметтік желілер белгісіз адамдар тобына ықпал етудің қуатты құралына айналды. Егер ол пайдакүнемдік мақсатта қолданылса, алдау, жаңылыстыру және экономикалық қылмыс жасау құралы болуы мүмкін», - деді прокурор.

Прокурор Ерболат Жанабылов үшін 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал Эльмира Толегенова үшін де 4 жыл жаза тағайындап, оны 1 жылға кейінге қалдыруды ұсынды.

Сонымен қатар, прокурор мүлікті тәркілеуді сұрады.

«Сотталушылардан заңсыз жолмен алынған 247 млн 550 мың теңге көлеміндегі табысты өндіріп алу, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған 17 дана iPhone 16 және 8 дана Hyundai Elantra автокөлігін тәркілеу ұсынылады. Сонымен бірге Lamborghini Urus пен Lexus көліктеріне салынған тыйымды үкімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін өзгеріссіз қалдыру қажет. Жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 АЕК өндіріп алу және процессуалдық шығындарды өтеу ұсынылады», - деді прокурор.

Айыптаушының пікірінше, мұндай үкім әділ әрі заңды болады.

«Ұсынылған жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге және сотталушылардың жаңа қылмыс жасауына жол бермеуге ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл өзге тұлғаларды осындай құқықбұзушылықтардан сақтандыратын алдын алу шарасы болады», – деп қосты прокурор.

13 наурызда Астана сотында Жанабыловтарға қатысты жаңа іс бойынша алдын ала тыңдау басталған. Бұған дейінгі сот процесі баптың қатаюына байланысты тоқтатылған болатын. Кейін прокурордың көмекшісі блогерлерге қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтқан.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары