Malim.kz
Қоғам

Жаңбырдан кейін Алматыдағы "Алатау" метро станциясының кіреберісін су басты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: tengrinews.kz

Алматыда бүгін жауған жаңбырдан кейін "Алатау" метро станциясының кіреберісіне су жиналды. Қала тұрғындары көшелер мен аулаларда да жаңбыр суы жиналып, жаяу жүру қиындағанын айтып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Метро қызметкерлерінің мәліметінше, қазір станцияның кіреберісіндегі су сорғымен шығарылып жатыр. Олар қалған он станцияда мұндай жағдай болмағанын атап өтті.

Тұрғындарды алаңдатқан мәселе мұнымен шектелмейді. Алматының әр жерінде арықтардың бітеліп қалғанына шағым айтылып жатыр. Соның салдарынан су тротуарлар мен аулаларға жайылып, жүргіншілерге қолайсыздық туғызған.

Қала әкімдігі коммуналдық қызметтердің күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Мамандар жаңбыр суы жиналған аумақтарда тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Әкімдік алматылықтарды жолда абай болуға шақырды. Әсіресе жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктерін су жиналуы мүмкін жерлерге қоймауға кеңес берді.

Синоптиктердің болжамынша, бүгін қалада жаңбыр үзіліспен жалғасады. Ал ертең жауын-шашын болмайды деп күтіліп отыр.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары