Malim.kz
Қоғам

"Жангелдин ауылына бардым": Руслан Өтепбай Атыраудағы трагедияға қатысты маңызды мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
politico.kz коллажы

Белгілі тележурналист Руслан Өтепбай Атырау облысына арнайы барып, Жангелдин ауылында із-түссіз жоғалған отбасыға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналистің айтуынша, бұл – оның Атырауға жасаған сапарының соңғы күні.

"Бүгін Атыраудағы соңғы күнім. Қала тамаша екен. Тұрғындары тіпті бөлек. Қызыл балықтан бешбармақ жеп, Жайықтың үстінде жаяу жүріп қайттым. Атырауға келу себебім – Жангелдин ауылына барып, зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Ол туралы келесі апта баяндаймын. Ал ертең Шымкентке барып, қаскөйдің қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасынан сұхбат аламын. Сапарымыз сәтті болғай", – деп жазды Руслан Өтепбай.

Айта кетейік, Атырау облысындағы бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған. Бір отбасының төрт мүшесі бірнеше ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып, кейін қаңтар айының басында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өз үйлерінің ауласындағы асханадан шамамен бір метр тереңдіктен табылған.

Ал олардың балалары – Мейрамгүл Мұқанғалиева мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін табылған жоқ. Полиция мен құтқару қызметінің іздестіру жұмыстары әзірге нәтиже берген жоқ.

Тергеу мәліметінше, оқиға алдында белгісіз біреу ұлдарының атынан "ата-анамды Ташкентке емдетуге апарамын" деген сылтаумен отбасының ұсақ малын сата бастаған. Алайда туыстары күмәнданып, ірі қараны сатуға жол бермеген.

Отбасы мүшелерінің ұзақ уақыт байланысқа шықпауына алаңдаған жақындары құқық қорғау органдарына арызданған. Тергеу барысында кенже қыз Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевтің Шымкентке ұшып кеткені, кейін Өзбекстан аумағына өткені анықталған. Кей деректерде олардың бұл елде де тұрақтамағаны айтылып отыр.

Қазіргі таңда аталған тұлғаларға іздеу жарияланған. Ал күйеу бала тергеу аясында негізгі күдікті ретінде қарастырылып отыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары