Түркістан облысы, Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған сұмдық өрттен бір ғана отбасының үш мүшесі аман шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Тірі қалғандар – 39 жастағы ер адам, оның 34 жастағы жұбайы және 7 жастағы қызы. Үшеуі де қазіргі уақытта ауруханада, жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың біреуі есін жиып үлгерген, ал жалпы жағдайлары тұрақты деп бағалануда.
Қайғылы оқиға 17 қарашадан 18 қарашаға қараған түні болған. Алдын ала деректерге сәйкес, сол түні үйде екі отбасы түнеп жатқан. Лап еткен өрт бүкіл ғимаратты тез шарпып, үйде болған 15 адам оттың ортасында қалған.
Өкінішке қарай, бір әулеттің 12 мүшесі қаза тапты. Құрбандардың арасында 9 бала және 3 ересек бар.
Алғашқы ақпаратта полиция 60 жастағы әйел, оның 39 жастағы ұлы және 7 жастағы немересі аман қалды деп хабарлаған. Алайда кейін Денсаулық сақтау министрлігі әжейдің ауруханада көз жұмғанын нақтылап, тірі қалғандардың бір отбасының үш мүшесі екенін ресми түрде жариялады.
Белгілі болғандай, тірі қалған отбасы тойдан кейін туыстарының үйіне қонаққа келіп, түнеген.
Қазіргі уақытта дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.
Айта кетейік, өрт кезінде үйдің шатыры опырылып, екі қабатты ғимарат толығымен жанып кеткен. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.