Malim.kz
Қоғам

Жаны жәннатта болсын! Астанада қаза тапқан фельдшерді ақтық сапарға шығарып салды

Қайсар Қанат
smartnews.kz

Астанада ауыр жағдай кезінде адам өмірін құтқармақ болып қаза тапқан жас фельдшер Ұлдана Мырзуан бүгін соңғы сапарға аттанды. Апаттан ауыр жарақат алған Ұлдана ауруханада көз жұмды. Оның басына құлаған кондиционер жас маманның өмірін жалмады, деп хабарлайды Malim.kz.

Қоштасу рәсіміне қала тұрғындары, әріптестері, жақындары және әскери қызметкерлер қатысты. Фельдшерді соңғы жолға шығарып салу құрметіне қала бойында сирена қосылып, автокөліктер белгі беріп, халық үнсіз қошемет көрсетті. Оркестр мен әскери жасақтың қатысуы – оның ерлігіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.

Еске салайық, 8 қараша күні Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш пен кондиционер опырылып түсіп, бірнеше адам зардап шеккен еді. Сол сәтте Ұлдана жедел көмек көрсетуге ұмтылып, қиранды астында қалған адамды шығарып алмақ болған. Дәл сол кезде кондиционер оның басына құлап, ауыр жарақат алған.

Дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, 18 қарашада Ұлдана жан тәсілім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, "Ерлігі үшін" медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары