Malim.kz
Қоғам

"Жаны жәннатта болсын": Елге танымал заңгердің отбасында қайғылы қаза болды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Dalanews.kz

Танымал заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында ағасының мезгілсіз қайтыс болғанына байланысты көңіл айтып, қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Заңгердің айтуынша, уақыттың тығыздығына байланысты әр адамға жеке-жеке жауап беруге мүмкіндік болмаған. Сондықтан ол арнайы бейнежазба жариялап, қайғысына ортақтасқан барша жандарға ризашылығын жеткізді.

"Өмір – өтер бір күні. Бүгін бармыз, ертең не боларын ешкім білмейді. Уақыттың тығыздығына байланысты туған ағамның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айтқан жандарға жеке-жеке рақмет айта алмадым. Кешірім сұраймын. Сондықтан осы бейнежазба арқылы маған қолдау білдіріп, қайғыма ортақтасқан баршаңызға алғысымды білдіремін", – деп жазды ол.

Мейірман Шекеев мұндай сәттерде адамның жақындарының қадірін терең түсінетінін атап өтті. Оның сөзінше, өмір қысқа болғандықтан, адамдар бір-біріне көбірек көңіл бөліп, сыйластықта өмір сүруі қажет.

"Осындай ауыр сәтте жақын адамдардың қадірін тағы да түсінеді екенсің. Сондықтан әрқашан туыстарыңызға уақыт бөліп, көңіл бөліңіздер. Олар сіздердің қастарыңызда мәңгі болмайды. Осы жалған дүниеде бір-бірімізді сыйлап өтейік" – деді заңгер.

Сонымен қатар ол қиын сәтте арнайы келіп, қолдау көрсеткен туған-туыстарына, достарына, әріптестеріне және оқырмандарына ерекше алғыс білдірді. Атап айтқанда, Руслан Утепбай, Әділетхан, "Altyn Mebel" ұжымы, адвокаттар Жанторе, Бағда, Азамат, Алпамыс Окей, Жандос Алимбетов, Камиша, Медет Жан секілді азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Мейірман Шекеевтің есімі қоғамға кеңінен Шерзат Полаттың ісі арқылы белгілі болды.

2024 жылдың қазан айында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат бір топ жасөспірімнің қолынан қаза тапқан еді. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Тіпті тұрғындар әділ тергеуді талап етіп, наразылық акцияларын өткізген.

Қылмыстық іс бойынша 9 адам айыпталушы ретінде сотқа тартылды, олардың арасында кәмелетке толмаған күдікті де болған. Марқұмның ата-анасы әділдік орнату үшін заңгер іздеп, олардың мүддесін қорғауды Мейірман Шекеев өз мойнына алған.

Сот процесі қоғам назарында өтті. Шекеев бұл істе жәбірленуші тараптың құқықтарын қорғап, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап еткен заңгер ретінде танылды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары