Malim.kz
Қоғам

"Жаның жәннатта шалқысын": Есімі қалың қазаққа белгілі әнші өмірден өтті

• Мадияр Қапанбек
Марқұм Жәнібек Бекбосынов. Фото: instagram.com/bekbusinov_zhanibek

Белгілі әнші Асхат Тарғын ақтөбелік әнші, термеші әрі ұстаз Жәнібек Бекбосыновтың кенеттен өмірден өтуіне байланысты көңіл айтты. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында марқұммен бірге өткізген күндерін еске алып, қайғылы хабарды ауыр қабылдағанын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Асхат Тарғын Instagram парақшасында Жәнібек Бекбосыновпен талай концертте бірге өнер көрсетіп, түрлі сапарларда жолдас болғанын жазды. Әнші марқұмды талантты өнерпаз әрі жақсы азамат ретінде еске алды.

"Жәнібек Бекбосынов, жерлесім, замандасым, талантты әнші раббысына қайтты деген хабар естіп, көңілім түсіп отыр. Ақтөбеде талай концертте бірге жүріп едік, талай сапарлас болып едім. Алла жаныңды жәннатта шалқытсын! Өте жақсы жігіт еді. Отбасына қайғыра көңіл айтамын", – деп жазды Асхат Тарғын.

Әнші әріптесінің өмірден өткеніне сену қиын екенін жеткізіп, оның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл білдірді.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе өңіріне белгілі әнші, термеші Жәнібек Бекбосыновтың кенеттен қайтыс болғаны хабарланған еді.

Марқұм өңірдің мәдени өміріне белсенді араласып, түрлі концерттер мен шығармашылық іс-шараларда өнер көрсеткен. Ол қазақтың дәстүрлі әндерін орындаумен қатар, эстрадалық бағыттағы туындыларымен де тыңдарман ықыласына бөленген.

Жәнібек Бекбосынов кім?

Жәнібек Бекбосынов – Ақтөбе облысына танымал әнші, термеші, ұстаз, республикалық және халықаралық өнер байқауларының лауреаты.

Ол ұзақ жылдар бойы Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында солист болып қызмет атқарып, өңірдегі мәдени іс-шаралар мен республикалық концерттерге қатысқан.

Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері мен термелері, сондай-ақ эстрадалық шығармалар ерекше орын алды. Оның орындауындағы "Всё решают Небеса" және басқа да әндер көпшілікке танылды.

Өнер иесі жұбайы, әнші Лунара Бекбосыновамен бірге де сахнаға шыққан. Ерлі-зайыпты өнерпаздардың орындауындағы "Ғашық жан" әні тыңдармандардың ықыласына бөленген.

Жәнібек Бекбосынов шығармашылықпен қатар ұстаздық қызмет атқарып, жас өнерпаздарға тәлім берген. Сондай-ақ республикалық және халықаралық өнер байқауларының лауреаты атанып, түрлі шығармашылық конкурстарда қазылар алқасының құрамында жұмыс істеген.

Ол Ақтөбе өңіріндегі дәстүрлі ән өнерінің дамуына үлес қосып, өнерсүйер қауымның жадында қалды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары