Malim.kz
Әлем

"Жаныңыз жәннатта болсын... Бақұл бол": Елге танымал киногер мезгілсіз дүниеден озды (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Атақты Disney студиясының «Арыстан патша» («Король Лев») анимациялық фильмін жасаған режиссерлердің бірі Роджер Аллерс 76 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды америкалық продюсер Дэйв Боссерт Facebook желісіндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

«Досымыз Роджер Аллерстің өмірден өткенін естіп, қатты күйзелдім. Өткен аптада ғана Мысырда сапарда жүрген кезінде хат алысып тұрған едік. Сондықтан бұл хабар тіпті сенгісіз болып отыр. Жаның жәннатта болсын, досым. Ол жақта тағы жолығармыз», – деп жазды Боссерт.

Продюсер марқұмды ерекше талантымен дараланған суретші әрі режиссер, сондай-ақ Disney анимациясының қайта өрлеу кезеңіндегі негізгі тұлғалардың бірі ретінде сипаттады.

Роджер Аллерс Disney студиясындағы еңбек жолын 1982 жылы жарық көрген «Трон» фантастикалық фильміне арналған алдын ала көркем тұжырымдамаларды әзірлеуден бастаған. Кейін «Оливер және компания», «Русалочка» мультфильмдерінде суретші болып жұмыс істеп, «Сұлу мен Құбыжық» жобасында оқиға желісіне жауапты жетекші маман қызметін атқарды. Ал уақыт өте келе «Арыстан патша» анимациялық фильмінің қосалқы режиссері ретінде кеңінен танылды.

Дэйв Боссерттің айтуынша, ол Роджер Аллерспен 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдар бойы көптеген жобада бірге еңбек еткен.

«2006 жылы жарық көрген “Шырпы сатқан қыз” жобасында бірге жұмыс істедік. Оның шынайы ықыласы, жомарттығы мен ерекше құлшынысы айналасындағы жандардың бәріне шабыт сыйлайтын. Роджердің бойында жарық та мейірімді рух бар еді, онсыз әлем бір сәтке сұрқай тартып қалғандай», – деп түйіндеді продюсер.

Марқұмның қазасына байланысты Disney продюсері Дон Хан, аниматор Дэйв Вудман және компанияның бас директоры Боб Айгер де әлеуметтік желілерде көңіл айтты.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары