Malim.kz
Әлем

Жапониядағы парламент сайлауында билік партиясы жеңіске жетті

Арман Қайыпхан
Фото: Getty Images

Жапонияда өткен кезектен тыс парламент сайлауында премьер-министр Санаэ Такаити бастаған биліктегі Либерал-демократиялық партия (ЛДП) жеңіске жетті, деп хабарлайды Malim.kz.

ЛДП-ның нәтижесі тіпті ең оптимистік болжамдардан да асып түсті. Консервативті коалиция парламенттің төменгі палатасындағы орындардың үштен екісінен астамын иеленді. Бұл — конституциялық көпшілік, яғни Такаити партиясына оппозицияға қарамай өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жапонияның қоғамдық NHK телерадиокорпорациясы жариялаған дауыс берудің түпкілікті қорытындысына сәйкес, Санаэ Такаити жетекшілік ететін Либерал-демократиялық партия 465 мандаттың 316-сын алды. Бұған дейін биліктегі партияның төменгі палатада небәрі 198 орны болған, яғни жартысынан да аз еді.

Енді ЛДП үштен екіден көп (310 мандаттан жоғары) орынға ие болып, жоғарғы палатаның ветосын еңсеруге және Конституцияға өзгерістер енгізуге мүмкіндік алды.

NHK мәліметінше, бұл — Екінші дүниежүзілік соғыстан бері жапон парламентінің төменгі палатасында бір партия алғаш рет үштен екіден астам орынға ие болған жағдай. Сонымен қатар бұл 1955 жылы құрылғаннан бергі ЛДП-ның ең үздік нәтижесі болып отыр.

Kyodo агенттігінің жазуынша, мұндай сенімді жеңіс премьер-министр Санаэ Такаитиге өзінің консервативті саяси бағдарламасын ілгерілетуге зор серпін береді. Басылым партияның парламенттегі орындарының күрт артуын көбіне Такаитидің жеке танымалдығымен байланыстырады.

Сауалнамалар, экзит-полдар мен сарапшылар болжамдары биліктегі партияның табысын алдын ала көрсеткенімен, нақты нәтиже оларды да басып озды. Мәселен, Kyodo News ЛДП кемінде 243 мандат алады деп болжаған.

Ал NHK 274-тен 328 орынға дейін береді деп көрсеткен. Екі дереккөз де биліктегі коалиция — ЛДП мен Инновациялар партиясы — 300-ден астам орынға ие болады деп есептеген.

«Біз берген сайлауалды уәделерді табанды түрде орындауға бар күшімізді салу — аса ауыр әрі үлкен жауапкершілік», — деді Такаити ЛДП жеңісі белгілі болғаннан кейін.

Басты оппозициялық күш — Центристік реформаторлар альянсы — болжамдарда айтылғандай, парламенттегі өкілдігін күрт жоғалтты. Оларға бұрынғы 167 мандатының жартысынан айырылуы мүмкін деп болжанған еді, алайда дауыс беру қорытындысы бойынша партия бар болғаны 49 орынды ғана сақтап қалды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары