Malim.kz
Әлем

Запорожье атом электр станциясы мәселесі: Ресей мен Украина келісімге келе алмады

Арман Қайыпхан
Фото: Ercin Erturk/AA/picture alliance

Мәскеу Запорожье атом электр станциясында (ЗАЭС) өндірілетін электр энергиясын Украина мен Ресей арасында бөлісуді ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.

Бұл мәселе Абу-Дабиде талқыланғанымен, шешімін таппаған. Бұл туралы Politico басылымы жазды. Бұған дейін Киев ЗАЭС-ті Ресеймен бірлесіп басқару өзіне қолайсыз екенін мәлімдеген.

Politico мәліметінше, осы аптада Абу-Дабиде АҚШ-тың делдалдығымен өткен Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер экономикалық мәселелерге, сондай-ақ РФ әскерлері басып алған Запорожье атом электр станциясын кім бақылайтынына бағытталған.

Материалда Мәскеудің Украина мен Ресей ЗАЭС-тен өндірілетін электр энергиясын бөлісуі тиіс деген талап қойып отырғаны айтылған. Алайда бұл мәселе бойынша келісімге қол жеткізілмеген. Сонымен бірге келіссөздер барысымен таныс Associated Press агенттігінің дереккөзі электр энергиясын «әділ негізде» бөлуді ұсыну қарастырылғанын нақтылаған.

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Украина президенті Владимир Зеленский ЗАЭС-ті Ресеймен бірлесіп басқару идеясын қабылдамайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, егер Украина Запорожье атом электр станциясынан алынатын энергияны бөлісетін болса, ол тек АҚШ-пен ғана мүмкін. Зеленский Украина Ресеймен тікелей бизнес жүргізгісі келмейтінін атап өтіп, бұл мәселе әлі де келісу сатысында тұрғанын айтқан.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары