Өскемен қаласының көшесі көк мұзға айналды. Кешегі жауған жаңбырдан кейін адам мен көлік жүретін жолдар тіпті тайғақ болып кетті. Аялдамаларға автобустардың жақындап келе алмауы жүргіншілерге қиындық тудыруда. Ал қалалық коммуналдық қызметтің жұмысы әзірге байқалмайды.
Күн-райының бұл құбылысына байланысты Өскеменде бүгін түске дейінгі және түстен кейінгі ауысымда оқитын мектеп оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттері сабақтан толықтай босатылды. Көше көк мұзға айналып, қиналған халық қыс бойы көрген күніміз осы деп шағымданады.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ГҮЛЖАН РАМАЗАНОВА: - көшеге құм себулері керек қой. Ешқандай әрекет етіп жатқан адамды көрмедім.
Қала халқының көшедегі жүру қиындап кеткен. Мұз айдынын мен көлшітерге айналған көшелер тым қауіпті. Бойын қорқыныш билеген мұз үстіндегі ел, енді ғана тұсауын кескен баладай тәлтіректейді.
Биыл 175 жылдығын тойлағалы жатқан Абай атамыздың атындағы даңғыл қыс бойы дұрыс тазаланбай көзі қалың қардан бір ашылмай-ақ қойды. Жалғыз бұл көше емес, өзге көшелердің бойы да үйілген қарға толып жатыр.
- Бүгін барлығы 88 текника қала көшесіне шықты. Бұлардың 10-ы көшеге құм себумен айналысты. Шамамыз жеткенінше жұмыс істеп жатырмыз. Қала ішіндегі қар шығарылып жатыр. Жалпы қараша айынан бері 150 000 текше метр қар шығарылды. Оны дәлелдейтін суреттеріміз бар – дейді, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары ТАМАРА РАХЫМЖАНОВА.
Әкімдіктегілер шығарған қар мен жолға сепкен құмды суретке түсіріп алғанымен қала халқы оған сенбейді. Себебі, тек бүгін ғана емес, қыс бойы қиналып жұмыс істеген коммуналдық қызметтің қызметшілерін көрмедік деп отыр.
Фотолар автордікі.
Жанболат Санияз
МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.