Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары – Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омарға қатысты шығарылған айыптау үкімі өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Апелляциялық шағымдар сотта жәбірленуші тарап пен қорғаушылардың өтініші бойынша қаралған. Олар тағайындалған жазаны тым қатаң деп санап, үкімге келіспеген.
Сондай-ақ қорғаушылардың бірі сотталушының әрекетіне берілген құқықтық бағаға да қарсылық білдірген.
Алайда сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімі дұрыс шығарылған деген қорытындыға келген. Онда сотталушының әрекеті заң талаптарына сай дұрыс сараланғаны, ал жаза мөлшері жасалған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының қоғамдық қауіптілігі ескеріле отырып тағайындалғаны атап өтілді.
Сот мұндай қылмыстар мемлекеттік билік беделіне және қоғамның сеніміне елеулі нұқсан келтіретінін көрсеткен.
Осылайша апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Еске салайық, іс бойынша басты сот процесі 19 наурызда басталған. Тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген. Сәуір айында Жақсылық Омар Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген болатын.
Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары, 366-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша (алаяқтық және пара алу) кінәлі деп танылған.