Malim.kz
Әлем

"Жақында басқа мектептен ауысып келген": 9-сынып оқушысы мектепте мұғаліміне оқ атты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы

Ресейдің Уфа қаласында 9-сынып оқушысы мектеп ішінде қару қолданып, мұғалімге және бірнеше оқушыға оқ атқан. Оқиға Башқұртстан астанасындағы №16 оқу орнында тіркелген, деп хабарлайды Malim.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жасөспірім травматикалық тапаншамен қаруланған. Mash дерегінше, оқушы алдымен назарды басқа жаққа аудару мақсатында өрт дабылын қосып, содан кейін мұғалімге оқ атқан.

Белгілі болғандай, жасөспірім бұған дейін мұғалімдер мен сыныптастарына жиі шағымданып жүрген. Ол жуырда ғана басқа мектептен ауысқан. Оқиға болған күні оқушының сынып жетекшісімен жеке әңгімелесуі жоспарланған екен.

Сол күні жасөспірім алғашқы екі сабаққа келмей, үшінші сабаққа кешіккен. Шабуыл жасар алдында оны сыныптасы дәлізде бетперде киіп жүрген сәтінде видеоға түсіріп алған.

Кейінгі ақпаратқа сәйкес, оқушы Crosman AK1 маркалы пневматикалық винтовканы пайдаланған болуы мүмкін. Ол мұғалімнен бөлек, тағы үш сыныптасына қарай оқ атқан, сондай-ақ петарда жарғаны хабарланды. Дегенмен ресми деректер бойынша, ешкім ауыр жарақат алмаған.

Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастап, мектеп аумағы уақытша қоршауға алынған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары