Париж соты Францияның бұрынғы президенті Николя Саркозиді апелляциялық шағым қаралғанға дейін түрмеден босату туралы шешім қабылдады. Бұл өтінішті саясаткердің адвокаттары ғана емес, прокуратура да қолдаған. Саркози Санте түрмесінде 20 күн өткізген, деп хабарлайды Malim.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
Сот шешіміне сәйкес, Саркозиге ел аумағынан шығуға және Әділет министрлігінің кез келген қызметкерімен сөйлесуге тыйым салынды. Ол 10 қараша күні-ақ Санте түрмесінен шығуға мүмкіндік алды.
Прокуратураның айтуынша, Саркозидің куәгерлерге қысым көрсету қаупі төмен болғандықтан, оны босатуға негіз бар. Адвокаттар апелляция бергендіктен, заң бойынша Саркози кінәсіз деп есептеледі. Франция заңнамасына сай, бұл жағдайда қамауда ұстау тек тергеуге араласу, қашып кету немесе айыпталушының қауіпсіздігіне байланысты болуы мүмкін.
Сот отырысында Саркози өз кінәсіздігін тағы да мәлімдеді:
«Менің ісімнің мәні жөнінде дәл қазір дауласу орынды емес екенін білемін. Бірақ мен ешқашан Каддафиден ақша сұраған емеспін. Мен жасамаған нәрсемді ешқашан мойындамаймын. Мен соттың барлық сұрауларына жауап беріп келдім. 70 жасымда түрме дегеннің не екенін өз басымнан өткеремін деп ешқашан ойлаған жоқпын», — деді ол.
Сондай-ақ экс-президент түрме қызметкерлеріне алғыс айтты:
«Мен – франциялықпын, менің отбасым Францияда. Маған қойылған барлық талаптарды орындаймын. Санте түрмесінің қызметкерлеріне ерекше адамгершілігі мен қолдауы үшін ризашылығымды білдіремін. Олар бұл қорқынышты күндерді жеңілдетіп берді», — деді Саркози.
2025 жылғы 25 қыркүйекте сот Саркозиді 2007 жылғы сайлау науқанын қаржыландыру үшін Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафиден миллиондаған еуро алған қылмыстық топқа қатысы бар деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Айыптың ауырлығына байланысты сот оны апелляция қаралғанға дейін түрмеге қамауға шешім қабылдаған. Саркози өз істерін реттеуге уақыт сұрап, 21 қазан күні Санте түрмесіне өз еркімен келген болатын.
Бұл – Саркозиге қатысты үшінші қылмыстық іс. 2021 жылы ол парақорлық және ықпал саудасы бойынша бір жыл нақты және екі жыл шартты жаза алған, кейін ол жаза үйқамаққа ауыстырылған. Сол жылы тағы бір іс бойынша шартты жаза берілген. Барлық жағдайда Саркози өз кінәсін мойындаған жоқ.