Белгілі актер, қазақ киносының аңызы марқұм Асанәлі Әшімовтің жары әлеуметтік желіде тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер саңлағының жары өмірден өткен жұбайын сағынышпен еске алып, жүрек сырын бейнежазба арқылы жеткізді. Жарияланған кадрлардан оның жан дүниесіндегі күйзеліс пен терең сағыныш айқын аңғарылады.
"Сағыныш. Жүрек сыздайды. Жарқын жүзін сағындым. Алла пейіш төрінен орын бер", – деп жазды Бағдат Әшімова.
Аталған жазба әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегіне әсер етпей қоймады. Көпшілік Бағдат ханымға қайғысына ортақтасып, жылы лебізін білдіріп, сабыр мен күш-қуат тіледі.
"Сабыр берсін. Артында ұлы қалды, шүкір деу керек", "Алла сізге күш-қуат берсін", "Жүректі елжіреткен сағыныш… Қайғыңызға ортақпыз", "Тас түскен жеріне ауыр", – деп жазды оқырмандар.
Еске сала кетсек, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі атанған өнер майталманы ұлттық театр мен кино өнерінің өркендеуіне орасан зор үлес қосты.
1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында туған сахна саңлағы шығармашылық жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында бастаған. Ол актерлік өнерімен ғана емес, режиссер, сценарист және тағылымды ұстаз ретінде де ел жадында қалды.
Асанәлі Әшімов "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі" сынды көрнекті кинотуындылардағы есте қаларлық рөлдері арқылы қазақ киносының алтын қорынан берік орын алды. Оның жарқын бейнесі мен бай шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталатыны сөзсіз.