Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған қайғылы жағдайдан аман қалған әскери қызметкер Ақжол Темірәлиев ауруханада есін жиды, деп Malim.kz. тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сарбаздың әкесінің айтуынша, Ақжол бұған дейін әскери қызметтегі жолдастарымен бірге бірнеше күн қатарынан дәл осындай оқу-жаттығуларға қатысып, дайындалған.
"Түсінгенімше, қайықтан секірген. Тереңдік пе, әлде толқын ба, білмеймін. Балам өз күшімен жүзіп шыққан. Бірінші бірден досы Азаматты іздеген. Іздеуге 30 минуттай кеткен. Одан кейін басы айнала бастаған. Ауруханаға жеткенше есін еміс-еміс біледі", – дейді Ақжол Темірәлиевтің әкесі.
Ата-анасы болған жағдайдан кейін ұлын әскери бөлімге қайта жібергісі келмейтінін айтқан. Ақжол 3 қазанда әскери қызметтен ресми түрде босатылуы тиіс болған.
"Мұндай жағдай болып жатқан соң тергеп-тексеру болады. Бірақ мен оған қысым жасалғанын қаламаймын. Жанында болғым келеді. Одан бөлек тірі қалған екі жігіттің қайда екенін білмеймін", – деді сарбаздың әкесі.
Блогер Азамат Сәрсенбаевтың мәліметінше, Ақжолдың қазіргі жағдайы тұрақты. Ол өздігінен жүріп-тұрып, тамақ ішіп, сөйлесе алады. Дәрігерлер оған қажетті медициналық көмек көрсеткен.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Салдарынан әскери қызметшілер теңізге кеткен.
Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Қайғылы жағдайға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.