Malim.kz
Қоғам

"Жарылыс", "басып алу", "бомба": Көлік министрлігі ұшақ жолаушыларына шұғыл үндеу жасады

Мадияр Қапанбек
Ұшақ салоны. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанның Көлік министрлігі ұшақ пен әуежайда қауіп төндіретін сөздерді әзіл ретінде де қолданбауға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомствоның мәліметінше, күнделікті әңгімеде қалыпты қабылданатын кейбір сөздер авиация саласында қауіп туралы белгі ретінде бағалануы мүмкін. Олардың қатарында "бомба", "жарылыс", "террорист", "қару" және "ұшақты басып алу" секілді сөздер бар.

Мұндай мәлімдеме айтылған жағдайда экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметі оның әзіл немесе нақты қауіп екенін бірден анықтай алмайды. Сондықтан арнайы қауіпсіздік рәсімдері іске қосылады.

Оның аясында ұшақ пен жолаушылардың багажы қайта тексеріліп, арнайы қызметтер тартылады. Қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуацияланып, әуежайдың жекелеген аумағына кіруге уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Мұның салдарынан рейс кешігіп, әуе кемесін немесе экипажды ауыстыру қажеттілігі де туындайды.

Министрлік бұған мысал ретінде Алматы – Ақтау рейсінде болған жағдайды келтірді. Жолаушылардың бірі "бомба" деген сөзді айтқаннан кейін авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көлік полициясы жұмылдырылып, ер адам рейстен түсірілген. Нәтижесінде ұшақ шамамен екі сағат кешігіп ұшқан.

Ведомство жолаушыларға ұшақ пен әуежайда бомба, жарылғыш зат, қару, террористер, теракт немесе әуе кемесін басып алу туралы себепсіз сөз айтпау керегін ескертті. Мұндай мәлімдеменің әзіл ретінде айтылғаны да қауіпсіздік қызметінің әрекет етуіне кедергі болмайды.

Сонымен қатар терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін Қазақстан заңнамасында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Көлік министрлігі бір ғана орынсыз сөздің жүздеген жолаушыға қолайсыздық туғызып, әуе компаниясы мен әуежайға қосымша шығын әкелуі мүмкін екенін еске салды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары