Malim.kz
Білім-ғылым

Жас ғалымдар өндірістен қол үзбей-ақ PhD дәрежесін ала алады

Айбын Атабай
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Қазақстанда жас ғалымдарға өндірістен қол үзбей PhD дәрежесін алуға мүмкіндік беретін «Индустриялық PhD» бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елордада өткен «Болашақ бейнесі: нәтижеден — жаңа стратегияға» форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Министрдің айтуынша, жаңа бағдарлама жас ғалымдардың ғылыми қызметін нақты өндірістік міндеттермен ұштастыруға мүмкіндік береді.

«Индустриялық PhD» аясында докторанттар өндірістегі жұмысын жалғастыра отырып, үш жыл ішінде жеңілдетілген форматта докторлық дәрежеге ие бола алады.

Саясат Нұрбек сонымен қатар докторанттардың әлеуметтік қолдауына да тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін шәкіртақы мөлшері екі есеге артқан. Енді оны тағы да көтеру жоспарланып отыр.

«Қазір докторанттардың шәкіртақысы – айына 252 мың теңге. Оны тағы екі есе өсіруге келесі үш-төрт жылға бағыт алдық», – деді министр.

Осылайша, жаңа бағдарлама бір жағынан жас ғалымдардың ғылымнан қол үзбеуіне, екінші жағынан олардың өндірістегі тәжірибесін ғылыми зерттеулермен ұштастыруына мүмкіндік бермек.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары