Malim.kz
Қоғам

Жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі қауіпсіздік ережелері ескертілді

Айбын Атабай
DW

Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге интернет кеңістігінде жеке қауіпсіздікке мән беру керегін ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілер қарым-қатынас жасауға, білім алуға және өмірдегі сәттермен бөлісуге мүмкіндік бергенімен, жеке мәліметтердің ашық жариялануы қауіп тудыруы мүмкін.

ІІМ негізгі қауіпсіздік ережелерін атады:

мекенжай, телефон нөмірі, мектеп атауы, сабақ кестесі және орналасқан жерді анықтауға мүмкіндік беретін басқа да жеке ақпараттарды жарияламау;

геолокация көрсетілген фото мен стористерді нақты уақыт режимінде салмау, оларды сол жерден кеткеннен кейін жариялау;

достар қатарына тек жеке танитын адамдарды қосу;

парақшадағы құпиялық баптауларын реттеп, жарияланымдарды тек сенімді адамдар көре алатындай ету;

бейтаныс адамдарға жеке фотоларды, құжаттарды және құпия ақпараттарды жібермеу;

күмәнді адамдармен байланысты бірден тоқтату және олардың аккаунттарын бұғаттау.

Министрлік өкілдері бейтаныс адам шамадан тыс қызығушылық танытып, жеке мәліметтерді сұраса, қайда жүргенін білетінін айтса немесе қорқытуға тырысса, бұл туралы ата-анаға, заңды өкілге немесе сенімді ересек адамға міндетті түрде хабарлау қажет екенін айтты.

— Сіздің қауіпсіздігіңіз жазылушылар саны мен лайктардан әлдеқайда маңызды. Цифрлық ортадағы қарапайым ережелерді сақтау жеке деректерді қорғауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі, — деп еске салды ІІМ.



 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары