Алматының 80 жастағы тұрғыны "Қазір айтайық" бағдарламасының тікелей эфиріне хабарласып, қоғамдық көліктегі жастардың мінез-құлқына көңілі толмайтынын жеткізді. Қарияның орын беру, телефонмен сөйлесу және шашты жайып жүруге қатысты пікірі студияда талқыланды, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Өзін Шолпан Байсақалова деп таныстырған зейнеткер қоғамдық көлікте өзге жолаушыларға қолайсыздық тудырмау керегін айтты. Оның сөзінше, кей жастар үлкендерге орын бермейді, ал жайылған шаш жанында тұрған адамның беті мен көзіне тиіп, ыңғайсыздық туғызады.
"Қоғамдық көлікке кіргенде мәдениет сақтау керек. Жастар орын бермейді, содан кейін шаштарын жайып жібереді. Шаш адамның бетіне, көзіне тисе, әркім жиіркенеді. Тәртіп болу керек", – деді қария.
Сондай-ақ ол жолаушылардың телефонмен сөйлесіп, бір-біріне құлақ аспайтынына шағымданды. Қоғамдық көлікте жолақысын төлеу кезінде де қысылып қалатындарын айтып, жастарды осы жайттарға назар аударуға шақырды.
Бағдарлама жүргізушісі зейнеткердің пікіріне алғыс білдіріп, көтерілген мәселенің өзекті екенін атап өтті. Алайда студиядағы қатысушылардың бірі жастардың да жағдайын ескеру қажет деген пікір айтты. Оның сөзінше, отырған жолаушы ұзақ жұмыс күнінен кейін шаршап келе жатуы мүмкін.
Жүргізуші бұған жауап ретінде алдында 80 жастағы қария тұрған жағдайды мысалға келтірді.
Талқылау барысында Кореяда оқығанын айтқан қатысушы сол елде қарттар мен жүкті әйелдерге арналған арнайы орындар бар екенін жеткізді. Ол қоғамдық көліктегі орын мәселесінде өзара түсіністік қажет екенін айтып, үлкендердің өтінішті қалай жеткізетініне де назар аударды.
Қатысушылардың пікірінше, сыпайы айтылған өтінішке жастардың көбі түсіністікпен қарайды. Ал бұйырып сөйлеу, дауыс көтеру немесе қарғап-сілеу жағдайды ушықтыруы мүмкін.
"Үлкен кісілер сыпайы түрде: "Балам, орын бере салшы", – деп айтса, негізінде көбі орын береді", – деген пікір айтылды.
Жүргізуші кей жолаушылардың құлаққап тағып, телефонға үңіліп отыратынын немесе ұйықтаған кейіп танытатынын да еске салды. Сондай-ақ үлкен адам орын сұрауға міндетті ме деген сауал қойды.
Әңгіме қыздардың шашын жайып жүруіне де ойысты. Қатысушылардың бірі мұны адамның өз таңдауы деп бағалады. Тағы бір пікірде қазақтың шаш жинауға қатысты дәстүрі болғанымен, қазіргі жастардың шашын сәндеп, әдемі көрінгісі келуінің ерсілігі жоқ екені айтылды.
Сонымен бірге талқылауда қоғамдық ортада жеке қалаумен қатар, айналадағы адамдардың жайлылығын да ескеру қажеттігі көтерілді. Қоғамдық көліктегі әдеп үлкенге құрмет көрсетуді де, жасқа сыпайы сөйлеуді де қамтитыны сөз болды.