Танымал әнші Толқын Забирова әлеуметтік желідегі парақшасында қаралы хабарды бөлісіп, өмірден өткен ұстазы Пернебек Момынұлы Момыновты еске алды, деп Malim.kz тілшісі Ozgeris.info сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесінің жазуынша, мектеп директоры болған ұстазы оның өнер жолындағы алғашқы қадамдарына қолдау көрсетіп, болашағына үлкен ықпал еткен. Сондықтан оның дүниеден өткені туралы хабар әншіге ауыр тиген.
"Кеше мен үшін жүрекке ауыр тиетін қаралы хабар жетті. Мектебімнің директоры, менің өнер жолымның алғашқы қадамдарына сенім білдірген аяулы ұстазым Момынов Пернебек Момынұлының дүниеден өткенін естіп, көңілім құлазып отыр.
Адам өмірінде ұмытылмайтын, оның бүкіл тағдырына әсер ететін сәттер болады. Менің өмірімде сондай сәттің бірі – мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезім.
Ол кезде мектепке қабылдану мерзімінен кешігіп қалған едім. Бірақ Пернебек Момынұлы мені сыртқа теппей, жағдайымды түсініп, өнеріме мүмкіндік берді. Ән айтатынымды тыңдап: "Мұндай қызға ешқандай емтиханның қажеті жоқ", – деп мені мектепке қабылдаған еді.
Бұл – жай ғана айтылған сөз емес. Бұл – бала бойындағы талантты көре білген үлкен жүректің, көреген адамның шешімі еді. Сонымен қатар тек маған ғана емес, интернаттан шықпай, жатып оқып жүрген балаларды, өз демалыс күнінде, тауға, өзенге апарып, қамқорлық танытқан кең жан еді. Пернебек Момынұлының бойында нағыз азаматқа тән адамгершілік, парасат, кеңдік, сабыр мен көрегендік бар. Ол сол күні менің құжаттарымнан бұрын, жүрегімдегі арманға қарады. Менің бойымдағы өнерге сенді. Маған ең қымбат сый – мүмкіндік берді.
Адамның тағдырын өзгерту үшін кейде үлкен дүниенің қажеті жоқ екен. Бір ауыз жылы сөз, бір сәттік сенім, бір ғана мүмкіндік – адамның бүкіл өміріне жол сілтеуі мүмкін. Артында өшпес із, жақсы есім, саналы шәкірттері мен жарқын естеліктері қалды.
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша шәкірттері мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пернебек Момынұлының жарқын бейнесі, адамға деген мейірімі мен бір кездегі маған артқан сенімі менің жүрегімде мәңгі сақталады.
Қош болыңыз, ардақты ұстаз. Сіз берген мүмкіндік – менің өмірімдегі өшпес аманат", – деп жазды Толқын Забирова.
Толқын Забирова кім?
Толқын Қалиқызы Забирова – қазақстандық танымал әнші, педагог және өнертану ғылымдарының кандидаты. Ол 1970 жылы 17 қазанда Семей облысының Аягөз қаласында дүниеге келген.
Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен байқалып, тоғыз жасында музыкалық білім алуға ден қойған. 1979 жылы Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық музыкалық мектепке оқуға түсіп, хор дирижерлау мамандығы бойынша білім алды. Кейін Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының вокал-хор факультетіне қабылданды. Консерваторияда КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың сыныбында білім алып, оқу орнын 1993 жылы үздік тәмамдады.
Толқын Забирова классикалық музыка, опера, халық әндері мен эстрада жанрларын қатар алып жүрген өнер иесі ретінде танылды. Ол қазақ эстрадасында опералық орындау мәнерін кеңінен насихаттаған әншілердің бірі саналады. 1993-1995 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында солист болып еңбек етті. Кейін ұстаздық қызметке ауысып, жас әншілерді кәсіби тұрғыда даярлауға атсалысты.
Ол ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында вокал және музыкалық өнер бағытында дәріс беріп келеді. Толқын Забирова ғылыми қызметпен де айналысып, ұлттық вокал мектебі мен әншілік дауысты қалыптастыру мәселелерін зерттеді. 2010 жылы музыкалық өнер мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, өнертану ғылымдарының кандидаты атанды. Кейін профессор ғылыми атағына ие болды.
Әнші 2016 жылы өткен "Бала дауысы" ұлттық балалар ән байқауында тәлімгерлердің бірі болды. Өнер мен мәдениет саласына қосқан үлесі үшін 2008 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді. 2025 жылы Толқын Забирова "Парасат" орденімен марапатталды.