Malim.kz
Оқиға

Зауыттағы жарылыстан 9 адам зардап шекті. Бектенов жағдайды бақылауға алды

• Айбын Атабай
ҚР ТЖМ

Өскемен қаласындағы «Казцинк» ЖШС аумағында болған жарылыстан кейін тоғыз адам медициналық көмекке жүгінді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккен екі адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

— Тағы бір адамға оқиға орнында реанимациялық көмек көрсетіліп жатыр. Бір зардап шегушіні кәсіпорын қызметкерлері өз күштерімен медициналық мекемеге жеткізді, — деп хабарлады төтенше қызмет өкілдері.

Сол жерде жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қалған зардап шегушілердің жағдайы нақтыланады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі кәсіпорындардың бірінде болған жарылысты жеке бақылауына алды.

— Біріншіден, Өскеменде болған жарылысқа қатысты таңертең қажетті тапсырмаларды бердім. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктері, облыс әкімдіктері қажетті шаралар қабылдап, маған баяндаңыздар. Мәселе менің жеке бақылауымда болады, — деді Үкімет отырысын ашқан Премьер-министр.

Бұған дейін кәсіпорында болған жарылыстан кейін өрт шыққаны, оның оқшауланғаны хабарланған еді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары