Malim.kz
Қоғам

Жазғы демалысқа қай айларда шыққан тиімді?

Айбын Атабай
dw.com

2026 жылы демалысқа шығу үшін ең тиімді жаз айлары - маусым мен шілде, өйткені бұл айларда жұмыс күндері көп болады. Мамандар демалысты жоспарлағанда тек сапар мерзіміне ғана емес, сонымен қатар өндірістік күнтізбеге де назар аударуға кеңес береді: еңбек демалысы ақысының мөлшері мен айлық жалпы табыс тікелей жұмыс күндерінің санына байланысты, деп хабарлайды Malim.kz tengrinews.kz cайтына сілтеп. 

Көпшілік еңбек демалысының ақысы әдеттегі жалақымен бірдей болады деп есептейді, бірақ бұл қате пікір. Төлем мөлшері нақты бір айдағы жұмыс күндерінің санына байланысты.

Есептеу принципі қарапайым: айда жұмыс күндері неғұрлым көп болса, әрбір жеке жұмыс күнінің "құны" соғұрлым төмен болады. Ал еңбек демалысы ақысы жылдық орташа күндік табыс негізінде есептеледі. Сондықтан жұмыс күндері көп айларда жалақы мен демалыс ақысының айырмашылығы өте аз болады.

Мамандардың түсіндіруінше, сондықтан да "ұзақ" айларда демалу қызметкер үшін қаржылық тұрғыдан тиімдірек келеді.

2026 жылы қай айлар ең тиімді болады?

Егер мақсат - барынша тиімді төлем алу болса, онда 22 жұмыс күні бар айларды таңдаған жөн. 2026 жылы бұл - маусым мен шілде. Тамыз айында қазақстандықтарды 21 жұмыс күні күтеді.

Мәселен, 400 мың теңге жалақымен маусым айында 10 күн демалыс алған жағдайда, бір айлық жиынтық табыс - демалыс ақысы мен жұмыс істеген күндері үшін жалақы - шамамен 413 мың теңгені құрауы мүмкін.

Демалысты жоспарлағанда нені ескеру маңызды?

Мамандар мереке күндеріне мұқият қарауға кеңес береді. Мемлекеттік мерекелер демалыс күндеріне қосылмайды және олар үшін бөлек ақы төленбейді. Егер демалыс мереке күніне дөп келсе, ол сол күндердің санына сәйкес ұзартылады.

Сарапшылар сондай-ақ мынадай ұсыныстар береді:

демалыс ішіне мереке күндері көп түсетіндей етіп жоспарламау;

мерекелер арасындағы кезеңдерді пайдалану;

мүмкіндігінше демалысты дүйсенбі немесе сейсенбіден бастау - осылайша жұмыс күндері аз жоғалады.

Декретке шығуды жоспарлап жүрген әйелдерге бөлек ұсыныс: декретке шыққанға дейінгі демалыс одан кейінгіге қарағанда қаржылай тиімдірек болуы мүмкін.

Егер сіз көбірек ақша алғыңыз келсе - жұмыс күндері ең көп айларды таңдаңыз. Ал ұзағырақ демалуды қаласаңыз, мерекелер мен демалыс күндері көп айларды пайдалануға болады, бірақ бұл жағдайда төлем сомасы мен келесі айдың жалақысы әдетте төмен болады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары