Malim.kz
Қоғам

Жедел жәрдем қызметкерлері президенттен көмек сұрады

Арман Қайыпхан
Фото: видео скрин

Жетісу облысының жедел жәрдем қызметінің мамандары жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды айта отырып, мемлекет басшысына, денсаулық сақтау министріне үндеу жасады, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Жедел жәрдем қызметкерлері бүгінге дейін шешімін таппай келген өзекті 5 мәселені көтеріп, олардың алдағы уақытта шешілуін сұрады.

«Жетісу облысының жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін фельдшерлер мен жүргізушілері сіздерге өзіміздің көп жылдан бері шешілмей келе жатқан маңызды мәселемізді жеткізгіміз келеді.

Бірінші мәселе. Еңбекақы. Біздің жүктемеміз өте ауыр. Физикалық және психологиялық стресс. Бірақ осы еңбекке төленетін жалақы атқарып жатқан жұмыс көлеміне сәйкес келмейді. Жедел жәрдем халықтың өмірін сақтап қалатын алғашқы қызмет. Сол себепті еңбекақыны қазіргі еңбек жағдайына қарай қайта қарастыруды сұраймыз.

Екінші мәселе. Кадр тапшылығы. Дәрігерлер жетіспегендіктен көптеген жағдайда фельдшерлер дәрігердің міндетін толықтай атқаруға мәжбүр. Диагностика, ауыр науқастарды жүргізу, шешім қабылдау – барлығы біздің мойнымызда. Бұл үлкен жауапкершілік және қосымша жүктеме. Сондықтан жедел жәрдемдегі кадр саясатын қайта қарап, фельдшерлердің атқарып отырған жұмысына лайықты мәртебе мен қолдау көрсетуді сұраймыз», - деп ақхалатты мамандар тілектерін жеткізді.

Жедел жәрдем қызметкерлері көтерген үшінші мәселе – зейнет жасы. Мамандардың айтуынша, 103 қызметінің жұмысы әскери қызметке тең келетіндей ауыр.

«Біз күн сайын ауыр пациенттерді көтереміз. Бірнеше қабат үйлерге көтеріліп шығамыз. Агрессивті, мас немесе психикалық жағдайда тұрған адамдармен жұмыс істейміз. Ауа райына қарамай, тәулік бойы қызмет етеміз. Жас ұлғайған сайын бұл жұмысты атқару мүмкін болмайды. Сол себепті, біз, жедел жәрдемнің фельдшерлері мен жүргізушілері үшін зейнет жасын төмендетуді, яғни 101 және 102 қызметтеріне берілген құқықтарға теңестіруді сұраймыз.

Төртінші мәселе. МӘМС-ке ай сайынғы жалақымыздан 10 пайыз ұсталынады, яғни 5-6 мың теңге. Алайда соған қарамастан жылына екі мәрте медициналық тексеруден ақылы түрде өтуге мәжбүрміз. Ол жылына 20-25 мың теңгені құрайды. Осы мәселені қарастыруыңызды сұраймыз.

Бесінші мәселе. Ай сайынғы жұмыс уақытының теңгерімі 160-170 сағат аралығында. Осы сағаттан артық жұмыс істегенде жәрдемақыны 1,5 есеге арттыруды сұраймыз», - деп алғашқы көмекке ұмтылатын абзал жандар проблемаларын жеткізді.

Сөз соңында айтылғанның бәрі жеке бас қамы үшін жеткізілмегенін ерекше атап өтті.

«Құрметті, президент, министр, біздің өтінішіміз жеке пайда үшін емес, бұл халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін, қызметкерлердің денсаулығын қорғау үшін және жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін қажет. Өтінішімізді қарап, тиісті шаралар қабылдайды деп сенеміз», - деп жедел жәрдем қызметкерлері талап-арыздарын қорытындылады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары