Үкіметі зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін есептеудің жаңа тәртібін бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжатқа сәйкес, енді зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін анықтау кезінде бірнеше негізгі көрсеткіш ескеріледі. Атап айтқанда, жылдық табыстылық мөлшерлемесі 9% болып белгіленді. Ал міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін ай сайынғы төлемдердің жыл сайынғы өсімі 8% деңгейінде есепке алынады.
Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі арнайы формула арқылы есептеледі:
ПМДx0 = 12 × ПВx0 × äx0
x0 — салымшының жасы;
ПВ — ай сайынғы ең төменгі төлем мөлшері;
ä — зейнет жасына жеткеннен кейін өмір бойы төленетін төлемдердің бүгінгі құнын есептеуге арналған коэффициент.
Құжатта ең төменгі жеткілікті шек алдыңғы жылғы деңгейден төмен болмауы тиіс екені көрсетілген. Сонымен қатар ол инфляция деңгейінен 5 пайыздық тармаққа жоғары мөлшермен қайта есептеледі.
Қаулы ресми жарияланған күннен бастап 10 күн өткен соң, яғни 4 маусымнан бастап күшіне енеді.