Malim.kz
Қоғам

Зейнеткерді соққыға жығып, оны видеоға түсірген жасөспірімдерге үкім шықты

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Қарағанды облысында қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

Әңгіме Теміртауда тұратын қарт тұрғынды соққыға жығып, болған жайтты видеоға түсірген жасөспірімдер туралы болып отыр

Қылмыстық істі сот қарады. Іс бойынша тоғыз адам айыпталушы ретінде өткен. Олар бірнеше рет және топ болып тұрғын үйге заңсыз кіріп, тонау жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Соттың анықтауынша, 2025 жылдың ақпан айында сотталушылар 68 жастағы ер адамның пәтеріне екі рет кірген.

Оның жасын және дәрменсіздігін пайдаланып, жасөспірімдер зейнеткерді бірнеше рет ұрып-соғып, қорлап, үстіне түкірген. Болған жайтты олар ұялы телефонға түсірген.

Қарт адам орташа ауырлықтағы жарақат алып, мүлкінен айырылған.

Сонымен қатар, сол жылдың наурыз айында кәмелетке толмағандардың бірі тағы бір осындай қылмысқа қатысқан. Ол басқа адамдармен бірге ер адамның пәтеріне кіріп, оны ұрып-соғып, 95 мың теңгенің мүлкін ұрлаған.

Сотта айыпталушылардың кінәсі олардың ішінара мойындауымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Прокурор нақты бас бостандығынан айыру жазасын сұраса, қорғау тарапы жеңілірек жаза тағайындауды өтінді. Жәбірленушілер соттан заң аясында шешім қабылдауды сұрады.

Қылмыстың ауырлығын ескере отырып, сот нақты мерзімдер тағайындады. Айыпталушылардың бірі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бір кәмелетке толмағанға 6 жыл 6 ай жаза берілді, тағы екеуі 5 жыл 6 айға сотталды. Қалғандары 5 жылдан бас бостандығынан айырылды.

Сот кейбір айыпталушылардың жасын жеңілдететін мән-жай ретінде және ауырлататын факторлардың жоқтығын ескерді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін бұл оқиға әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан кейін қоғамда үлкен наразылық тудырған еді.

Кадрларда жасөспірімдер қарт адамды өз үйінде қорлап, ұрып-соққаны көрсетілген. Осыдан кейін іс құқық қорғау органдарының бақылауына алынған.

Оқиғадан кейін Теміртау қаласы әкімінің орынбасары мен жасөспірімдер оқыған мектептердің директор орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары