Malim.kz
Әлем

Зеленский: Аумақтық мәселені шешу үшін Путинмен байланыс қажет

Арман Қайыпхан
Фото: Fabrice Coffrini/AFP/Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен жүргізілетін келіссөздерде аумақтық мәселені шешу Кремль басшысы Владимир Путинмен тікелей немесе жанама байланыссыз мүмкін емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.

Бұл туралы ол жұма күні, 30 қаңтарда Чехия радиосына берген сұхбатында айтты.

«Біз қандай да бір форматта Ресей Федерациясымен, соның ішінде Ресей басшысымен байланыс орната алуымыз керек. Менің көріп отырғаныма сүйенсек, мұндай форматсыз біздің командалар аумақтық мәселелер бойынша келісімге келе алмайды», – деді Зеленский.

Украина президенті Киевтің Ресей мен АҚШ қатысатын келіссөздерге әлі де ашық екенін атап өтті. Сонымен қатар ол консультациялардың негізгі кезеңдерінде Еуропа елдерінің қатысуы маңызды екенін баса айтты. Зеленскийдің айтуынша, Украина АҚШ пен Еуроодақ тарапынан қауіпсіздік кепілдіктеріне, сондай-ақ Еуропалық одаққа мүшелікке ілгерілеуге үміт артады. Бұл талаптар соғысты тоқтатуға арналған 20 тармақтан тұратын жоспардың бір бөлігі болып табылады, оған елді қалпына келтіру шаралары да кіреді.

Сұхбат барысында Зеленский Чехия қоғамына Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылығы басталған алғашқы күндерден бергі қолдауы үшін алғыс білдірді. Ол жуырда Киевте Чехия президенті Петр Павелге табыстаған жоғары мемлекеттік награда ең алдымен чех халқына деген құрметтің белгісі екенін атап өтті.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары