Осылайша Зеленский бұған дейін РФ президенті кездесуді Мәскеуде өткізу жөнінде айтқан ұсынысқа жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
«Әрине, менің Путинмен Мәскеуде кездесуге баруым мүмкін емес. Бұл Путиннің Киевке келуімен бірдей нәрсе. Мен де оны Киевке шақыра аламын — келсін. Егер, әрине, батылы жетсе. Оны көпшілік алдында Киевке шақырамын», — деді Украина басшысы журналистермен әңгіме барысында.
Владимир Зеленский соғыстың аяқталуын жақындатуға көмектесетін болса, жоғары деңгейдегі кездесудің кез келген форматына дайын екенін айтты. Сонымен қатар Украина президенті Беларусь аумағында келіссөз жүргізу мүмкіндігін де жоққа шығарды, өйткені оның айтуынша, Беларусь Украинаға қарсы басталған соғыста Ресейдің «серіктесі» болып отыр.
Сол әңгіме барысында Зеленский Украина мен Ресей арасында энергетикалық инфрақұрылымға соққы беруді тоқтату жөнінде тікелей келісімдердің жоқ екенін де мәлімдеді. Киев бұл бастаманы қолдайды, алайда Ресей тарапынан жаңа шабуылдар жасалса, Украина айна-қатесіз жауап қайтарады, деді ол. Сондай-ақ ықтимал бейбіт келісім шарттарын түсіндіре отырып, саясаткер Украина Қарулы күштері бақылауындағы Донбасс аумақтарын және РФ әскері басып алған Запорожье атом электр станциясын Ресейге беруге дайын емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, украин тарапы соғысты аяқтау үшін ымыраға келуге әзір, бірақ ол елдің аумақтық тұтастығына күмән тудырмауы тиіс.
2025 жылдың қыркүйегінде Зеленский Путинді Киевке бұған дейін де шақырған болатын — ол кезде де Путин келіссөздерді Мәскеуде өткізуді ұсынған еді. «Ол (Владимир Путин. — Ред.) Киевке келе алады. Ал мен елім күн сайын зымырандық атқылаулар мен шабуылдарға ұшырап жатқанда Мәскеуге бара алмаймын. Мен бұл террористің астанасына бара алмаймын», — деген еді Украина президенті сол кезде ABC News америкалық телеарнасына берген сұхбатында.