Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов Донецк облысындағы стратегиялық маңызы бар Константиновка қаласының толықтай бақылауға алынғаны туралы Владимир Путинге баяндады, деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Кремльдің мәліметінше, бұл Славянск–Краматорск қорғаныс торабы бағытындағы маңызды кезең ретінде бағаланған.
Алайда Украина тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Украина Қарулы күштері мен президент Владимир Зеленский Константиновка Ресейдің бақылауына өтпегенін мәлімдеді.
Зеленский егер қала шынымен Ресейдің бақылауында болса, Владимир Путинмен дәл сол жерде кездесуге дайын екенін айтып, Кремль басшысын Константиновкада келіссөз өткізуге шақырды.
Сонымен қатар Ресейдің Қорғаныс министрлігі Украинаға Константиновка маңындағы ұрыстарды уақытша тоқтатып, қаза тапқан украиналық әскери қызметкерлердің мәйіттерін қабылдап алуды ұсынды. Мәскеу бұл рәсімді дүйсенбі күні өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл ұсынысқа Киев әзірге ресми жауап берген жоқ.