Malim.kz
Әлем

Зеленский "Путиннің резиденциясына шабуыл жасалды" деген мәлімдемені фейк деп атады

Арман Қайыпхан
Фото: Украина президентінің кеңсесі

Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудің Украина дрондары Ресей президенті Владимир Путиннің Валдайдағы резиденциясына соққы жасады деген мәлімдемесін фейк деп атады. Оның айтуынша, бұл туралы Киев америкалық тарапқа хабарлаған, деп хабарлайды Malim.kz.

«Біздің келіссөз тобы америкалық топпен байланысқа шығып, барлық егжей-тегжейін талқылады. Біз мұның фейк екенін түсінеміз. Әрине, серіктестеріміз өздерінің техникалық мүмкіндіктерінің арқасында оның фейк екенін тексере алады», — деді Зеленский журналистермен онлайн сөйлесу барысында.

«Путиннің Валдайдағы резиденциясына соққы жасалды деген әңгіме — фейк. Ол жаққа ешкім соққы жасаған жоқ. Бұл санкциялармен байланысты ма? Мүмкін, аздап байланысы бар шығар, бірақ менің ойымша, бұл бір ай бойы біздің командаларымыз арасындағы жеткілікті түрде сәтті өткен келіссөздер мен кездесулерге, соның қорытындысы ретінде президент Трамппен болған кездесуімізге көбірек байланысты», — деп Зеленскийдің сөзін «Украинская правда» келтіреді.

«Әрине, кейін еуропалықтармен де көшбасшылар деңгейінде кездесеміз, бәрін алдын ала дайындағымыз келеді және, Құдай қаласа, кейін бәріміз бірлесіп кездесіп, соғысты аяқтауға қарай нақты қадамдар жасауға мүмкіндік туады. Қаңтар айында түрлі қадамдар жасалсын дейміз. Бұл “Томагавк” зымырандарын беру мәселесіне байланысты ма, жоқ па — білмеймін, ештеңені ойдан шығарғым келмейді», — деп қосты Зеленский.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары