Malim.kz
Әлем

Зеленский: Ресейдің стратегиялық тылы енді қауіпсіз емес

Арман Қайыпхан
Фото: Владимир Зеленскийдің телеграм арнасы

Владимир Зеленський Анкарада өткен НАТО саммитінде сөйлеген сөзінде Украинаның әскери күштері Ресейдің «стратегиялық тыл» туралы түсінігін жоққа шығарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, Ресей ұзақ уақыт бойы өз аумағын басты артықшылығы санап келді. Ел ішінде әскери өндіріс пен техниканы қауіпсіз орналастыруға болады деп есептелгенімен, Украина бұл жағдайдың өзгергенін көрсетті.

«Кеше ғана украиналық дрондар Ресейдің әуе қорғанысын бұзып өтіп, Сібірдегі мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Бұл – кездейсоқ жағдай емес, жаңа шындық», – деді Зеленский.

Украина президенті елдің ұшқышсыз ұшу аппараттары саласындағы мүмкіндіктері әлемдегі ең дамығандардың бірі екенін айтып, серіктес мемлекеттерді Drone Deal бастамасына қосылуға шақырды.

Сонымен қатар ол Украинаның НАТО-ның ұжымдық қорғаныс жүйесінің бір бөлігі болуы керектігін айтты.

«Осындай қорғаныс әлеуетіне ие ел мен халықты НАТО құрамынан тыс қалдыру дұрыс па? Егер бізде мұндай тәжірибе мен мүмкіндік болса, онда бұл әлеует Альянстың ұжымдық қорғанысына қызмет етуі тиіс», – деді Зеленский.

Президенттің сөзінше, қазіргі соғыста шешуші рөлді дәл ұшқышсыз ұшу аппараттары атқарады. Ол Украина бұл туралы заманауи соғыстың сипатын көрсету үшін айтып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ Зеленский Украина Қарулы күштерінің Ресейдің «Шахед» дрондарын жою тиімділігі 90 пайызға жететінін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, ол Украинада Patriot әуе қорғаныс жүйелерін өндіруді қолдауға және Еуропаның баллистикалық зымырандарға қарсы бірыңғай қорғаныс жүйесін құруды жеделдетуге шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары