Malim.kz
Әлем

Зеленский: Соғысты тоқтатуға Мәскеуден нақты жауап күтеміз

Арман Қайыпхан
Фото: Zelenskiy/Official/Telegram

Украина Президенті Владимир Зеленский украин келіссөз тобы АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі құжатты әзірлеуді аяқтап жатқанын, содан кейін ол президенттер деңгейіне ұсынылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

«Алдағы екі аптаға арналған кестені талқыладық — кездесулер, құжаттарды дайындау және мүмкін қол қою мәселелерін. АҚШ тарапынан Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері туралы құжатты түпкілікті аяқтап, ең жоғары деңгейде қарауға жолдауды тапсырдым. Бұл тарихи деңгейдегі құжат болуы тиіс, қазір мәтін дәл сондай деңгейге жетіп отыр», — деп жазды Зеленский Telegram-арнасында.

Ол соғысты аяқтау мәселесі бойынша Мәскеуден «нақты кері байланыс» күтетінін айтып, керісінше жағдайда Ресейге қысымды күшейтуге шақырды.

«Америкалық тараптың соғысты аяқтаудың базалық саяси шеңбері жөнінде Ресеймен байланыста екенін түсінеміз. Біз өз көзқарасымызды тұжырымдадық, енді Ресей тарапынан соғысты нақты шарттармен аяқтауға дайын ба деген анық жауап болуы керек. Егер мұндай дайындық болмаса, агрессорға қысым одан әрі күшейтілуі тиіс», — деп жазды Украина Президенті.

«Көлеңкелі флот танкерлеріне қатысты да, санкцияларды айналып өтуге көмектесетін қаржылық схемаларға қатысты да дұрыс тактиканы көріп отырмыз. Осындай тәжірибелерді Ресейге де кеңейту қажет — егер олар соғысты таңдаса, әлемнің жауабы ресейлік экспорттық кірістерді барынша шектеу болуы тиіс», — деп атап өтті Зеленский.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары