Украина президенті Владимир Зеленский журналистермен кездесу барысында Ресейге қандай да бір аумақты беру мәселесін Украина халқының өзі шешуі қажет екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.
«Менің ойымша, бұл сұраққа Украина халқы жауап беруі керек. Сайлау болсын, референдум болсын — халық өз ұстанымын білдіруі тиіс», — деп AFP агенттігі оның сөзін келтіреді.
Зеленский сондай-ақ Киевтің АҚШ-қа «бейбіт жоспардың» жаңартылған нұсқасын жібергенін растады.
Оның айтуынша, АҚШ келісімді реттеу аясында Украина мен Ресей күштері арасында елдің шығысында демилитаризацияланған «еркін экономикалық аймақ» құруды ұсынған.
«Олар украин әскері Донецк облысының аумағынан шығатын нұсқаны көріп отыр, ал болжамды компромисс — Ресей әскері бұл аумаққа кірмейді. Олар мұны “еркін экономикалық аймақ” немесе “демилитаризацияланған аймақ” деп атайды, бірақ ол жерді кім басқаратынын өздері де білмейді», — деді Зеленский.
Жоспарға сәйкес, Ресей Донецк облысынан немесе Херсон мен Запорожье облыстарындағы позицияларынан әскер шығаруға міндеттелмейді, бірақ Харьков, Днепропетровск және Сумы облыстарындағы бақылауындағы аумақтардан кетеді.
Бұған дейін Ресей төрт жылға созылған кең көлемді соғыс кезінде басып ала алмаған аймақтарды қоса алғанда, бүкіл Донбасты бақылауға алуды көздейтінін мәлімдеген.
Украина басшысының айтуынша, Донецк облысының болашақ мәртебесі мен Запорожье АЭС-іне бақылау мәселесі — АҚШ-пен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердегі негізгі даулы екі тақырып.
«Бұл — біз талқылап жатқан екі мәселе», — деді Зеленский.