Украина Польшаға қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде дрондардан қорғану бағытында көмекті ұсынуда, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Украина президенті Владимир Зеленский Польшаға қорғаныс саласындағы әріптестікті және украин әскери мамандары тарапынан БПЛА-дан қорғану бойынша сараптамалық көмекті ұсынды. Бұл жөнінде ол жұма, 19 желтоқсанда Варшава қаласында Кароль Навроцкий, Польша президентімен бірлескен баспасөз мәслихатында айтты.
БАҚ алдында сөйлеген сөзінде Зеленский Украинадағы соғыстың әділетсіз аяқталуы Ресей астанасы Москва тарапынан жаңа қатерге ұласуы мүмкін екенін ескертті.
«Мемлекетіміздің тәуелсіздігі болмаса, Москва сөзсіз мұнда келеді, әрі қарай Еуропаға өтеді. Біздің тәуелсіздігіміз болмаса, Москва міндетті түрде Польшаға да келеді. Сондықтан біз болуымыз маңызды. Сіздердің болуыңыз да маңызды. Украина мен Польша бірге болуы аса маңызды», — деді Украина басшысы.
Осы орайда Зеленский соңғы жылдары Украинаның қорғаныс саласында да, қару-жарақ өндірісінде де озық технологиялар мен жауынгерлік тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Ол бұл тәжірибені, соның ішінде Польша аумағына бірнеше рет ұшып кірген ресейлік БПЛА-лардан қорғану мәселелерінде, Варшавамен бөлісуге дайын екенін айтты.
Сондай-ақ украин көшбасшысы Навроцкийді Украинаға шақырып, елдің әскери-өнеркәсіп кешені мен қорғаныс мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Ал Польша президенті өз кезегінде поляк қарулы күштерінің иелігіндегі МиГ-29 жойғыш ұшақтарын Украинадан алынатын антидрондық жүйелерге айырбастау жоспарына оң пікір білдірді. Болжам бойынша, Польшада мұндай ұшақтардың саны 10–15 аралығында.