Malim.kz
Әлем

Зеленский: Wildberries қоймаларында дрондарға арналған бөлшектер сақталған

Арман Қайыпхан
Фото: Benett Trisier / REUTERS

Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеу және Тамбов облыстарындағы Wildberries компаниясының қоймаларына жасалған украиналық дрон шабуылына пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуылдарына жауап болған. Зеленскийдің мәлімдеуінше, аталған логистикалық орталықтарда дрондар мен навигациялық жабдықтарды өндіруге арналған санкцияға іліккен бөлшектер сақталған.

«Бүгін біздің алыс қашықтықтағы соққыларымыз Ресей аумағындағы, уақытша оккупацияланған жерлердегі және теңіздегі үш бағытта нәтижелі болды», – деді Зеленский.

Президенттің сөзінше, майдан шебінен 500 және 700 шақырым қашықтықта орналасқан Мәскеу және Тамбов облыстарындағы екі ірі логистикалық нысанға соққы жасалған. Сонымен қатар, мұнай инфрақұрылымына тиесілі бір нысан да зақымданған.

Айта кетейік, Ресей тарапы бұл мәлімдемеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ, ал Зеленскийдің айтқан деректерін тәуелсіз түрде растау әзірге мүмкін болмады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары