Женевада Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Иран мен АҚШ өкілдері арасындағы жанама келіссөздердің екінші раунды басталды. Келіссөздер Оманның делдалдығымен өтуде, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
IRNA агенттігінің мәліметінше, консультациялар Маскат өкілдері арқылы тараптардың «өзара хабар алмасуынан» басталған.
Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бастап барды. Құрамында саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Маджид Тахт-Раванчи, құқықтық және халықаралық істер жөніндегі орынбасары Казем Гарибабади, экономикалық дипломатия жөніндегі орынбасары Хамид Ганбари және техникалық, құқықтық, экономикалық сарапшылар бар.
АҚШ делегациясының құрамында АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен (Стив) Уиткофф пен президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер бар.
Келіссөздерге Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) де тартылған. Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи Женевадағы кездесуге МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гроссидің қатысуын «өте пайдалы» деп бағалады.
Келіссөздердің қайта жандануы
Вашингтон мен Тегеран жанама келіссөздерді 6 ақпанда қайта бастаған. Дональд Трамп келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Иранға қарсы әскери шара қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Өз кезегінде Иран билігі ядролық бағдарламаны шектеуге дайын екенін, алайда оның орнына қатаң экономикалық санкцияларды алып тастауды талап ететінін жеткізді. Сонымен қатар Тегеран зымыран бағдарламасы мен аймақтағы қарулы топтарды қолдау мәселесін келіссөз тақырыбынан алып тастаған.
Тараптардың ұстанымы алшақ
АҚШ келіссөз күн тәртібін кеңейтуді, соның ішінде Иранның зымыран бағдарламасы мен «Хезболлах» және ХАМАС секілді ұйымдарды қолдау мәселесін қосуды талап етіп отыр.
Трамп дипломатия нәтиже бермесе, Иранға әскери соққы жасалуы мүмкін екенін бірнеше рет ескертіп, өңірге қосымша әскери кемелер жіберген. Тегеран бұған жауап ретінде АҚШ базалары орналасқан Парсы шығанағындағы араб елдері ықтимал соққы нысанасына айналуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қақтығыс тарихы
2025 жылғы маусымда Израиль АҚШ қолдауымен Иранның ядролық нысандарына соққы жасаған. Қарқынды шабуылдар 12 күнге созылып, кейін бітіммен аяқталған. Иран тарапы Фордо нысанына елеулі зақым келгенін және уран байыту тоқтатылғанын хабарлаған. Ал Трамп сол кезде Иранның ядролық бағдарламасы «толық жойылды» деп мәлімдеген еді.
АҚШ пен бірқатар елдер Иранды азаматтық бағдарлама аясында ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деп айыптайды. Тегеран бұл айыптауларды жоққа шығарады. 2018 жылы Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде Вашингтон 2015 жылғы ядролық келісімнен біржақты шығып, санкцияларды қайта енгізген. Бұған жауап ретінде Иран шектеулерді сақтаудан бас тартып, уран байытуды күшейткен.