Malim.kz
Әлем

"Жер 4 минутқа тартылыс күшін жоғалтады": 12 тамызда Қазақстан аспанында не болады?

Мадияр Қапанбек
Көрнекі фото: Freepik

12 тамыз 2026 жыл астрономия әуесқойлары үшін ерекше күн болмақ. Осы датада толық Күн тұтылуы өтіп, Персеид метеор ағыны шарықтау шегіне жетеді. Сонымен қатар таңғы аспанда бірнеше ғаламшарды қатар бақылауға мүмкіндік туады. Осы құбылыстардың қабаттасуы әлеуметтік желіде "Жердің гравитациясы төрт минутқа өшеді" деген қауесеттің тарауына себеп болған. Алайда ғалымдар мұндай мәлімдеменің ғылыми негізі жоқ екенін айтады, деп хабарлайды Malim.kz.

Фесенков атындағы Астрофизика институты директорының ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рашит Валиуллиннің айтуынша, Жердің тартылыс күшінің уақытша жоғалуы мүмкін емес.

"Гравитацияны" Күннің тұтылуы да, ғаламшарлардың орналасуы да бірнеше секундқа немесе бірнеше минутқа өшіре алмайды. Жердің тартылыс күші планетаның массасына байланысты қалыптасады. Сондықтан 12 тамызда адамдардың немесе заттардың кенеттен салмақсыз күйге түсуі мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

12 тамызда қандай астрономиялық құбылыстар болады?

Бұл күні бір-біріне жақын уақытта бірнеше қызықты астрономиялық оқиға болады. NASA мәліметінше, 12 тамызда толық Күн тұтылуы өтеді, ал 12-сінен 13 тамызға қараған түні Персеид метеор ағынының белсенділігі шарықтау шегіне жетеді. Жаңа Ай фазасының да осы күнге сәйкес келуі аспанды қараңғы етіп, метеорларды бақылауға қолайлы жағдай туғызады.

Сонымен қатар 9-14 тамыз аралығында таңғы аспанда Меркурий, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран және Нептун бір мезгілде аспанның бір бөлігінде көрінеді. Мұндай құбылысты тұрмыстық тілде "ғаламшарлар шеруі" деп атайды. Алайда планеталар шын мәнінде бір түзу сызықтың бойына тізілмейді – олар Жерден қарағанда эклиптика бойында қатар орналасқандай көрінеді.

Күн тұтылуын Қазақстаннан көруге бола ма?

Өкінішке қарай, 12 тамыздағы толық Күн тұтылуы Қазақстан аумағынан көрінбейді.

NASA дерегінше, толық тұтылу жолағы Ресейдің солтүстік бөлігін, Гренландияны, Исландияны, Испанияның солтүстігін және Португалияның шағын бөлігін қамтиды. Ішінара тұтылу Еуропаның, Солтүстік Американың және Африканың кейбір аумақтарында байқалады. Қазақстан бұл аймаққа кірмейді.

Астрофизик Рашит Валиуллин де Қазақстанның тіпті Күннің жартылай тұтылуы көрінетін аумақтан тыс жатқанын түсіндірді. Толық фазаның ең ұзақ уақыты шамамен 2 минут 18 секунд болады.

Қазақстандықтар 12 тамызда нені көре алады?

Қазақстан тұрғындары үшін ең қызықты құбылыс – Персеид жұлдыз жауыны.

Персеидтердің шарықтау кезеңі 12 тамыз кешінен 13 тамыз таңына дейін жалғасады. NASA оны жылдың ең әсерлі метеор ағындарының бірі деп сипаттайды. Персеидтер Жер Свифт-Таттл кометасы қалдырған шаң-тозаң ағыны арқылы өткен кезде пайда болады. Ұсақ бөлшектер атмосфераға үлкен жылдамдықпен еніп, жарқыраған із қалдырады.

Халықаралық метеор ұйымының 2026 жылға арналған күнтізбесі бойынша Персеидтердің негізгі максимумы 13 тамызға түседі. Жаңа Айдың 12 тамызда болуы бақылауға өте қолайлы жағдай қалыптастырады.

Метеорларды жақсы көру үшін қала жарығынан алыстаған жөн. NASA солтүстік-шығыс бағытқа қарап, аспан толық қараңғыланғаннан кейін бақылауды бастауды ұсынады. Көздің қараңғылыққа үйренуіне шамамен 30 минут уақыт берген дұрыс.

"Ғаламшарлар шеруін" қалай көруге болады?

Қазақстанда 12 тамызға жақын күндері таң алдында бірнеше ғаламшарды бір аспаннан байқауға мүмкіндік бар.

Рашит Валиуллиннің мәліметінше, Марс пен Сатурнды арнайы құралсыз көруге болады. Аспан ашық әрі көкжиек анық болған жағдайда Юпитер мен Меркурийді де байқау мүмкін, бірақ олар көкжиекке жақын орналасады. Уранды көру үшін дүрбі, ал Нептун үшін шағын телескоп қажет болады. Ең қолайлы уақыт – Күн шыққанға дейінгі 30-60 минут.

NASA да "ғаламшарлар шеруі" бір күнге ғана созылатын сирек құбылыс емес екенін атап өтеді. Бірнеше планетаның аспанда қатар көрінуі бірнеше күн немесе апта бойы жалғасуы мүмкін.

12 тамызда гравитация өше ме?

Жоқ. 12 тамызда Жердің гравитациясы төрт минутқа да, төрт секундқа да өшпейді.

Ғалымдардың түсіндіруінше, Күннің тұтылуы, Персеидтер немесе ғаламшарлардың белгілі бір ретпен орналасуы Жердің тартылыс күшін жоғалта алмайды. Сондықтан әлеуметтік желідегі "гравитация өшеді" деген ақпарат – ғылыми негізі жоқ қауесет.

Ал 12-13 тамызға қараған түні Қазақстан тұрғындары үшін шын мәнінде назар аударуға тұрарлық құбылыс – Персеид жұлдыз жауыны болмақ.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары