Malim.kz
Әлем

"Жерге қайта алмайсыз... Сізді ғарышқа жіберген мемлекет қазір жоқ" – Танымал ғарышкердің алған тосын хаты

Мадияр Қапанбек
РИА Новости. Суретте: Сергей Крикалёв

Сергей Крикалёв – Ресейдің ең танымал ғарышкерлерінің бірі. Ол өз елінің ыдырап, күйреу кезеңінде ғарышта болған. Ғарышкер ұшуға Кеңес Одағынан аттанып, ал Жерге мүлде басқа мемлекет – Ресей Федерациясының азаматы ретінде оралды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ғарышкер туралы

Осы аңызға айналған әрі жоспардан тыс ұзаққа созылған сапары үшін Сергей Крикалёв әріптестері арасында алғаш болып "Ресей Батыры" атағына ие болып, №1 "Алтын жұлдыз" медалімен марапатталды.

Сонда ғарышкер қалайша ғарышта "ұмыт қалып", онда шамамен бір жылға жуық уақыт өткізуге мәжбүр болды?

Жоспардан тыс ұшу

1991 жылдың мамыр айында кеңестік ғарышкерлер кезекті экспедициямен "Мир" орбиталық станциясына ұшты. Экипажды командир Анатолий Арцебарский басқарды, ал бортинженер міндетін Сергей Крикалёв атқарды. Оларға британдық Хелен Шарман қосылған еді, бірақ ол бір аптадан кейін алдыңғы миссиясы бойынша Жерге оралды.

Кеңес ғарышкерлері жаз бойы станцияда жоспарлы жұмыс атқарды: бірнеше рет ашық ғарышқа шығып, ғылыми тәжірибелер жүргізіп, станцияны техникалық қызметтен өткізді.

Ал Жер бетінде бұл уақытта оқиғалар мүлде басқа арнада өрбіп жатты. Тамыз бүлігі мен КСРО-ның ыдырауы ғарыш бағдарламаларын екінші орынға ысырып тастады. Елдің тарауы бюджетке де айтарлықтай әсер етті, алайда халықаралық келісімдер күшін жойған жоқ.

Бірлескен ғарыш бағдарламалары аясында Австрия мен Қазақстаннан экипаждар ұшуы тиіс еді. Алғашында екі бөлек миссия жоспарланғанымен, қаржының жетіспеушілігіне байланысты "Мирге" бір ғана кеме жіберілді. Оның ішінде барлық ғарышкерді, соның ішінде екі ресейлікті де Жерге қайтаруға орын болмады.

Осылайша Сергей Крикалёв келесі миссияны күтіп, орбиталық станцияда қалуға мәжбүр болды. Оның ғарыштағы сапары тағы жарты жылға созылды. "Ұмыт қалған" ғарышкерді тек 1992 жылдың наурыз айында ғана Жерге қайтару мүмкін болды. Ол мүлде басқа мемлекетке – Ресейге оралды.

Америкалықтарды құтқару

Арада көп өтпей, сол жылдың соңында Крикалёв тағы да ғарышқа ұшты. Бұл жолы – NASA құрамындағы миссиясы бойынша еді. Ол америкалық және ресейлік ғарышкерлердің алғашқы бірлескен ұшуына қатысып, көп рет қолданылатын Discovery шаттлымен ғарышқа аттанды.

STS-60 миссиясы 1994 жылдың 3 ақпанында ұшырылды. Бұл Spacehab модулімен жасалған екінші ұшу және WSF (Wake Shield Facility) құрылғысымен өткен алғашқы миссия болды. Шаттл Жерді 130 рет айналып, сегіз күннен кейін Флоридадағы Кеннеди атындағы ғарыш орталығына қонды. Осылайша Сергей Крикалёв америкалық шаттлмен ұшқан алғашқы ресейлік ғарышкер атанды.

Айта кетерлік қызық жағдай осы миссия барысында орын алды. Шаттлда тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің электроникасы істен шығып, ауа өткізгіш зақымданды. Америкалықтар нұсқаулыққа сәйкес қосалқы кемені күтуге дайындалған. Алайда ресейлік ғарышкер ақауды өзі жойып, жүйені қалпына келтірді. Бұл оқиға америкалық әріптестеріне ерекше әсер қалдырды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары