Malim.kz
Әлем

Зерттеу: бейбітшілікке ең үлкен қауіп төндіретін ел - АҚШ

Айбын Атабай
whitehouse.gov

Германия тұрғындарының үштен екісіне жуығы (65%) алдағы жылдары әлемдегі бейбітшілікке ең үлкен қауіп төндіретін ел ретінде АҚШ-ты атаған. Бұл – Алленсбахтағы Қоғамдық пікірді зерттеу институты (Institut für Demoskopie Allensbach) Стратегия және жоғары басшылық орталығының (Centrum für Strategie und Höhere Führung) тапсырысы бойынша жүргізген зерттеу нәтижесі.

Зерттеу 6–19 қаңтар аралығында жүргізіліп, оған жасы 16-дан асқан 1077 Германия тұрғыны қатысқан. Нәтижелермен сейсенбі күні, 10 ақпанда, dpa агенттігі бөлісті.

Салыстыру үшін айтсақ, дәл осындай сұраққа 2025 жылы Германия тұрғындарының 46 пайызы, ал 2024 жылы 24 пайызы АҚШ деп жауап берген.

Сонымен қатар, соңғы сауалнама Германия тұрғындарының тек 32 пайызы ғана НАТО-ға мүше еуропалық мемлекетке шабуыл жасалған жағдайда АҚШ әскери көмек көрсетеді деп есептейтінін көрсетті. Респонденттердің 35 пайызы бұған сенбейді, ал қалған 33 пайызы нақты жауап бермеген.

Осы ретте сауалнамаға қатысқандардың 81 пайызы алдағы жылдары әлемдегі бейбітшілікке ең үлкен қауіп төндіретін ел ретінде Ресейді атады. Украинадағы ауқымды соғыс басталғалы бері Мәскеу тарапынан төнетін қауіпті жыл сайын респонденттердің 75–82 пайызы басты қауіп деп атап келеді. Ал тағы бір ірі держава – Қытайды бейбітшілікке қауіп төндіреді деп Германия тұрғындарының 46 пайызы санайды.

Сауалнамаға қатысқандардың шамамен жартысы соғыс болған жағдайда елден кетпейді

Германия тұрғындары елдің жақын жылдары соғысқа тартылатынына сенбейді: респонденттердің 40 пайызы мұндай сценарийді «көбіне мүмкін емес» деп санаса, 5 пайызы «мүлде мүмкін емес» деп жауап берген. Тағы 24 пайызы бұл сұрақ бойынша нақты пікір білдірмеген.

Ал Германияда соғыс болуын «өте ықтимал» деп есептейтіндер небәрі 3 пайызды, «ықтимал» деп санайтындар 28 пайызды құрады.

Сонымен бірге, респонденттердің жартысына жуығы (49%) соғыс басталған жағдайда Германиядан кету мүмкіндігін қарастырмайтынын мәлімдеген. Қажет болған жағдайда бұл нұсқаны қарастыруға дайын екенін 24 пайыз айтса, тағы 14 пайызы бұл туралы бұрыннан ойланған. Ал 13 пайызы жауап беруге қиналған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары