Түркістан облысында 12 адамның өмірін қиған өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғын Жетісай ауданынан Шымкент қаласына тікұшақпен жеткізілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше санитарлық рейсті «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» РМҚК үйлестірді. Өрт салдарынан зардап шеккен 1990 жылы туған әйел Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді.
«Гипербариялық орталық Шымкентте орналасқандықтан, ал Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, науқасты тасымалдау қажет болды», - деп жазылған хабарламада.
Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, зардап шеккен әйелдімежелі жерге жеткізді. Қону сәтінен кейін науқас арнайы мамандандырылған дәрігерлердің бақылауына тапсырылды.
19 қарашада «Казавиақұтқару» авиациялық қызметінің тікұшағы өрттен зардап шеккен 1986 жылғы ер адамды Шымкентке жеткізген болатын.