Жетісу облысының Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылында тұрғын үйден өрт шығып, үш бала қаза тапты, деп Malim.kz тілшісі, Qaz365.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы жағдай 25 қыркүйек күні таңғы сағат 07:34 шамасында Момышұлы көшесіндегі төрт пәтерлі үйдің бірінде болған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сағат 08:17-де толық сөндірген.
Өрт болған үйден 2018 жылы туған Камилла Құрметқанова, 2020 жылы туған Дарина Құрметқанова және 2025 жылы туған Мұстафа Құрметқановтың денелері табылған. Камилла жергілікті №14 орта мектеп-гимназиясының 3-сыныбында оқыған.
Балалардың анасының сөзінше, таңғы сағат 07:00 шамасында Дарина оны оятып, қонақ бөлмедегі диван маңынан өрт шыққанын айтқан. Әйел жалынды өз күшімен сөндіруге тырысқанымен, өрт үй ішіне тез таралған.
Ол алдымен үлкен ұлы Омарды сыртқа алып шығып үлгерген. Алайда жалын күшейіп, қайтадан үйге кіруге мүмкіндік болмаған.
Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып, тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.