Malim.kz
Қоғам

Жетісуда кәмелетке толмаған қыздың интимдік контент таратты деген күдікпен жігіт ұсталды

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Жетісу облысында кәмелетке толмаған қыздың интимдік сипаттағы материалдарын заңсыз таратты деген күдікпен 22 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы өкілдерімен бірлесіп жүргізген іс-шара барысында аталған құқық бұзушылықтың жолын кескен.

Тергеу барысында күдіктінің Алакөл ауданының 22 жастағы тұрғыны екені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол TikTok әлеуметтік желісі арқылы кәмелетке толмаған қызбен танысып, кейін байланысын мессенджер арқылы жалғастырған.

Полицияның хабарлауынша, күдікті қыздың сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсеткен, қорқытып, сондай-ақ 20 мың теңге көлемінде сыйақы беруге уәде етіп, интимдік сипаттағы фото және бейнематериалдарын алған.

Кейін ол бұл материалдарды мессенджердегі жабық арналар арқылы заңсыз таратып, одан пайда көрген деген күдікке ілінді.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оның осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Полиция ата-аналарды балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға және олардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін бақылап отыруға шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары