Ұлытау облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жаңа жоба қолға алынды. Жезқазған қаласының батыс ауданында тәулігіне 250 келушіге дейін қабылдайтын заманауи емхананың құрылысы басталды. Жаңа нысанның іргетасын қалау рәсімі өтіп, құрылыс жұмыстарына ресми түрде старт берілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Үш қабатты медициналық мекеменің жалпы аумағы шамамен 8,5 мың шаршы метрді құрайды. Жоба «Верный Капитал» компаниялар тобының құрамындағы Beeline цифрлық операторының қолдауымен жүзеге асырылмақ.
Іргетас қалау рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен қор директоры Анар Жұмағұлова қатысты. Іс-шара барысында жаңа медициналық нысанның қала тұрғындары үшін маңызы атап өтілді.
Облыс әкімі Жезқазғанның батыс ауданын қаланың алдағы дамуындағы негізгі аумақтардың бірі ретінде атады. Оның айтуынша, мұнда тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңа әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік те арта түседі.
«Жезқазған қаласының батыс ауданы – болашағы зор, қарқынды дамып келе жатқан аумақ. Алдағы жылдары мұнда 18 мыңға жуық тұрғын қоныстанады деп жоспарланып отыр. Жалпы шағын ауданда 80-нен астам көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Сондықтан заманауи әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгін іргетасы қаланған емхана – сол жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі», - деді Дастан Рыспеков.
Жаңа емханада тұрғындарға медициналық қызметтің бірнеше түрі көрсетіледі. Жоба аясында консультациялық-диагностикалық кабинеттер, 15 орындық күндізгі стационар, сәулелік диагностика бөлімі және клиникалық-диагностикалық зертхана қарастырылған.
Сонымен қатар медициналық мекеме құрамында амбулаториялық хирургия орталығы мен әйелдер консультациясы жұмыс істейді. Бұл тұрғындарға қажетті бірқатар медициналық қызметті бір нысанның ішінде алуға мүмкіндік береді.
Емхана кешенінің тағы бір ерекшелігі – оның аумағында жедел жәрдем станциясының жеке ғимараты бой көтереді. Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін тоғыз бригадалық станция орналасады.
Жаңа жедел жәрдем бөлімшесінің іске қосылуы батыс аудан тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету уақытын қысқартуға ықпал етпек. Әсіресе халық саны көбейіп келе жатқан жаңа шағынаудан үшін бұл маңызды.
Жалпы жаңа емхананың құрылысы Жезқазғанның батыс бөлігін кешенді дамыту жоспарымен сабақтасып отыр. Тұрғын үймен бірге мектеп, медицина және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының салынуы бұл аумақтың қаланың жаңа даму орталықтарының біріне айналуына негіз болмақ.