Malim.kz
Қоғам

Жомарт Симтиков: Құрылтай сайлауы – әртүрлі даму модельдерін таңдау алаңы

Malim Админ
Автор

23 тамыз - Қазақстан Республикасы үшін  аса маңызды күн. Алғаш рет халық Құрылтай сайлауында саяси партияларға дауыс береді. Осыған орай, саяси ғылымдарының докторы Жомарт Құдайбергенұлы Симтиков сайлау кезеңіндегі өзгерістерге көңіл бөліп, өзекті мәселелер туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

- Алғашқы сұрақты 2026 жылғы Құрылтай сайлауындағы саяси науқанның басты ерекшелігі қандай және еліміздегі саяси сахнасына шығып саяси доданың көрігін қыздырып жатқан партиялар арасындағы бәсеке қалай қалыптасып келеді? Сұқбатты осыдан бастасақ.

- 2026 жылғы Құрылтай сайлауы Қазақстанның жаңа саяси жүйесі жағдайындағы маңызды электоралдық кезең болып отыр. Сайлауға қатысатын жеті партия — ЖСДП, Қазақстанның Халық партиясы, «Ауыл», «Байтақ», «Әділет», «Ақ жол» және Respublica — қоғам дамуының ортақ мәселелеріне қатысты өз ұсыныстарын білдіруде. Партиялардың барлығы дерлік экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық, білім мен денсаулық сақтау, жастарды қолдау және өңірлерді дамыту мәселелерін көтереді. Сондықтан қазіргі саяси бәсекенің ерекшелігі мәселенің өзінен гөрі, оны қандай жолмен және қандай механизмдер арқылы шешу ұсынылатынында болып отыр.

Сонымен бірге партиялардың саяси мамандануы біртіндеп айқындала түсуде: ЖСДП әлеуметтік әділеттілікке, Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік қорғауға, «Ауыл» ауыл мен аграрлық секторға, «Байтақ» экологияға, «Әділет» мемлекеттік модернизация мен адам капиталына, «Ақ жол» ұлттық мүдде мен кәсіпкерлікке, ал Respublica бизнес, инновация және жаңа экономикаға басымдық беріп отыр. Бұл бөлініс Қазақстандағы партиялық жүйенің біртіндеп бағдарламалық және идеологиялық тұрғыдан сараланып келе жатқанын көрсетеді.

- Сайлау науқаны өте қызу әрі тартымды өтуде. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Осы кезең аралығында қай партиялар өздерінің саяси бағытын неғұрлым айқын көрсете алды?

- Сайлауға қатысып отырған жеті саяси партия қоғам дамуының түрлі мәселелері бойынша өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынып отыр.

Бұл бағдарламаларға назар аударсақ, Қазақстандағы қазіргі партиялық жүйенің біртіндеп идеологиялық тұрғыдан саралана бастағанын байқауға болады. Алайда бұл саралану классикалық «солшыл – оңшыл» өлшемімен ғана шектелмейді. Қазіргі партиялардың айырмашылығы экономикалық саясатпен қатар, әлеуметтік мемлекеттің рөлі, мемлекеттік басқару, өңірлік даму, экология, ұлттық құндылықтар, цифрлық трансформация және азаматтық қатысу мәселелерінен де көрінеді.

Сондықтан Құрылтай сайлауындағы партиялық бәсекені түсіну үшін олардың бағдарламаларын экономика, әлеуметтік саясат, мемлекеттік басқару және құндылықтық бағдар сияқты бірнеше өлшем бойынша қарастырған жөн.

Қазақстандағы партиялық жүйенің қазіргі ерекшелігі – партиялардың барлығы дерлік әлеуметтік тұрақтылықты, экономикалық өсуді, білім мен денсаулық сақтауды, адам капиталын дамытуды және өңірлерді қолдауды маңызды деп санайды.

- Демек, бүгінгі саяси бәсеке «әлеуметтік мемлекет керек пе, керек емес пе?» деген мәселе төңірегінде жүріп жатқан жоқ. Негізгі сұрақ: «Қоғам алдындағы ортақ мәселелерді қандай жолмен және қандай құралдар арқылы шешу керек?». Бұл – партиялық бағдарламалардың арасындағы нақты айырмашылықты анықтайтын негізгі өлшем болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, жеті партияны бірнеше саяси бағытқа бөлуге болады?

- Меніңше, қазіргі кезеңде партияларды «ең үздік» немесе «ең әлсіз» деп біржақты бағалау әлі ерте. Дегенмен әр партия өзінің саяси «тауашасын» қалыптастыруға ұмтылып отырғанын байқауға болады. Мысалы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өзінің бағдарламасында әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының мүддесі, халықтың әл-ауқаты және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігіне басымдық берсе, Қазақстанның Халық партиясының бағдарламалық дискурсында әлеуметтік саясат пен халықтың нақты тұрмыс жағдайына ерекше мән беріледі. «Байтақ» үшін экология негізгі саяси брендке айналса, «Әділет» мемлекеттік тиімділік, цифрландыру, адам капиталы және институционалдық реформаларды біріктіретін реформаторлық бағытты ұстанады. «Ауыл» партиясының бағдарламасы Қазақстандағы партиялық позициялардың трансформациясын айқын көрсетеді. Партияның тарихи электоралдық негізі ауыл шаруашылығы мен ауыл тұрғындарының мүддесіне байланысты болғанымен, қазіргі бағдарлама бұл шеңберден әлдеқайда кеңейген. Партияның негізгі ұстанымы: «Күшті өңірлер – күшті орталық». Бұл жерде ауыл мәселесі тек ауыл шаруашылығы мәселесі ретінде емес, ұлттық экономиканың, азық-түлік қауіпсіздігінің, демографияның, ішкі көші-қонның және өңірлік тұрақтылықтың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ал «Ақ жол» кәсіпкерлік, ұлттық өндіріс, экономиканы әртараптандыру және парламентшілдік мәселелерін алға шығарады. Respublica партиясы бағдарламалық дискурсында бизнеске қолайлы орта, бәсекелестік, технология, цифрландыру, жасанды интеллект, инновация және адам капиталы мәселелері маңызды орын алады. Оның негізгі электоралдық базасы – кәсіпкерлер, жас мамандар, жаңа экономика өкілдері, технологиялық салаға жақын азаматтар және нарықтық реформаларды қолдайтын топтар.

Бүгінгі партиялық бәсекеде негізгі мәселе – қоғамға ортақ проблемалардың бар-жоғында емес, сол проблемаларды шешудің жолдары мен саяси құралдарында. Осы тұрғыдан Құрылтай сайлауы Қазақстан қоғамы үшін тек депутаттарды таңдау процесі емес, әртүрлі даму модельдерінің арасынан таңдау жасау алаңы ретінде қарастырылуында.

Сондықтан партияның деңгейін тек медиадағы белсенділігімен немесе әлеуметтік желідегі танымалдығымен өлшеу дұрыс емес. Сараптамалық тұрғыдан партияны бағалаудың маңызды критерийлері — бағдарламасының нақтылығы, ұсынылған шешімдердің жүзеге асу мүмкіндігі, азаматтармен кері байланысы және нақты саяси механизмдер ұсына білуі. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі науқан партиялардың өзіндік саяси профилін қалыптастыру кезеңіне айналып отыр.

2026 жылғы Құрылтай сайлауы Қазақстанның партиялық жүйесінде идеологиялық сараланудың жаңа кезеңін көрсетеді. Жеті партияның бағдарламаларын салыстыру олардың арасында белгілі бір идеологиялық айырмашылықтардың қалыптасып келе жатқанын, сонымен бірге қоғамның негізгі мәселелеріне қатысты бағдарламалық конвергенцияның да сақталғанын көрсетеді. Бұл – Қазақстандағы партиялық саясаттың біртіндеп жаңа кезеңге өтіп жатқанын білдіретін маңызды белгі.

- Саясаттанушы, эксперт маман ретінде, қарапайым сайлаушы партияларды таңдағанда қандай мәселелерге назар аударуы керек? Осы туралы айтып берсеңіз.

- Сайлаушы партияны оның атауына, имиджіне немесе әлеуметтік желідегі белсенділігіне қарап қана бағаламауы керек. Ең алдымен  төмендегідей үш сұраққа жауап іздеген жөн. Алдымен, партия қандай мәселені негізгі деп санайды?, екіншіден, оны қалай шешуді ұсынады?  және  үшінші сол ұсыныстың қаржылық әрі институционалдық негізі бар ма? Осындай  тәсіл сайлаушыны эмоциялық таңдаудан арылтып, бағдарламаларды салыстыруға және нақты ұсыныстарға назар аударуға мүмкіндік береді.

Бұл жерде саяси мәдениеттің де маңызы зор. Азаматтың саналы таңдауы тек өзінің жеке мүддесін емес, елдің ұзақ мерзімді даму бағытын да ескеруге негізделуі керек. Сондықтан қазіргі сайлауда басты өлшем «қай партия көбірек көрінді?» емес, «қай партия нақты мәселені қандай механизммен тиімді шеше алады?» деген сұрақ болуы тиіс. Дәл осындай ұстаным саяси жауапкершілікті арттырып, қоғамдағы демократиялық мәдениеттің сапасын көтереді.

- Бүгінгі таңда Қазақстан үлкен таңдау алдында тұр. Мемлекеттік дамудың болашағы осы таңдау арқылы айқындалмақ. Осыған орай, жаңа Конституция мен Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси дамуына қандай жаңа мүмкіндіктер береді?

- Жаңа саяси жағдайда Құрылтайдың қалыптасуы партиялардың қоғамдық сұранысты білдіру және оны заң шығару деңгейіне жеткізу қабілетіне қойылатын талапты күшейтеді. Бір палаталы өкілді органның тиімділігі ең алдымен оның ішіндегі саяси пікір алуандығына, депутаттардың кәсібилігіне және азаматтармен тұрақты байланысына тәуелді болады. Сондықтан Құрылтай сайлауы тек жаңа депутаттарды таңдау емес, жаңа саяси институттың жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру процесі ретінде маңызды.

Бұл ретте партиялық бағдарламалардың мазмұндық айырмашылығы ерекше рөл атқарады. Экономика, әлеуметтік саясат, мемлекеттік басқару, өңірлік даму, экология, ұлттық құндылықтар, цифрлық трансформация және азаматтық қатысу сияқты бағыттар бойынша саяси ұсыныстардың саралануы сайлаушыға нақты таңдау жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа саяси жүйенің табысты болуы тек конституциялық өзгерістерге емес, партиялардың сапасына, саяси бәсекенің мазмұнына және азаматтардың саналы таңдауына тікелей байланысты болмақ.

Сұқбатты алған:

Руслан Сағидрахманұлы.

Malim Админ
Автордың басқа материалдары