Malim.kz
Қоғам

Жұмыссызға лайықты жұмыс орындары автоматты түрде ұсынылады

Айгүл Таңатар
https://mk.edu.kz/

Қазақстанда «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» енгізіліп жатыр. Жаңа жүйе азаматтың жұмыс іздеп өзі жүгінуін күтпей, оның білімі, дағдысы мен еңбек тәжірибесіне қарай лайықты бос жұмыс орындарын автоматты түрде ұсынуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Malim.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, азамат жұмысынан айырылған жағдайда жүйе оның цифрлық профилін талдап, мамандығына сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Бұл туралы оған SMS-хабарлама жіберіліп, қажет болған жағдайда қайта оқыту немесе басқа жұмыспен қамту шаралары ұсынылады.

Министрлік бұл тәсілді жұмыспен қамту саласын өтініш беруге негізделген модельден проактивті сүйемелдеуге көшіру деп түсіндіреді. Яғни, негізгі қағидат - адамның жұмыс іздеуінде емес, оған лайықты жұмыс ұсыныстарының өзі келуінде.
Жүйе еnbek.kz цифрлық экожүйесі негізінде жасанды интеллект технологияларын пайдаланады. Министрліктің дерегіне сүйенсек, ЖИ қазірдің өзінде бос жұмыс орындарын іріктеуде қолданылып, 50 мыңнан астам ұсыным берілген.

Enbek.kz жүйесі арқылы Қазақстаннан бөлек ЕАЭО елдеріндегі жұмыс орындарын іздеу мүмкіндігі де бар. «Шекарасыз жұмыс» сервисі Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Арменияның еңбек нарықтарын байланыстырады.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары